әдеби шығарманың басында берілетін, сол шығарманың кімге, қандай уақиғаға байланысты екенін көрсететін, көбінесе өлең түрінде келетін автордың сөзі. Кейде арнауда автор өз шығармасын белгілі бір адамға ізет-құрмет көрсетіп, сый ғып тартатыны айтылады. Кейде жазушы арнау сөзді кімге қаратып айтылғанын анықтамай, сол кісінің өзі ғана түсінетіндей етіп береді. Мысалы, Пушкиннің «Полтава поэмасының алдыңдағы арнау осындай. Ақын поэмасын сол сүйікті адамның бейнесін елестете отырып жазғанын паш етеді. Арнау антикалық дәуірден белгілі. XVI—XVII ғасырдағы француз әдебиетінде кездеседі. Мысалы Мольер «Тартюфте»— Людовик XIV-ге католик дін басшыларынан мені қорғап, сүйеніш жасаңыз деп жалбарынған сөзі жатады. XVIII ғасырдан бастап арнау мазмұны мен түрі жағынан өзгере бастайды. Арнау XVIII ғасырда орыс әдебиетінде алдымен мадақтау, мақтау, өсиет маңайында болады, өліге, тіріге арналған қошамет сөз түрінде кездеседі. Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Тургенев тұсында арнау достың пен махаббатты еске алу мәнін иеленді. Шығыс әдебиетінде, әсіресе, поэзияда арнау үлкен эпикалық туындыларда кездеседі. Айталық Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны соны жазып шығуын қалаған Ахситан патшаны, оның баласы Минучихрді, тұқым-тұқиянын айналасымен қарым-қатынасын көтермелеп мадақтаумен басталады. Кейде арнауға екінші бір арнау жалғасады. Дол осыдан соң Низами өз баласы Мұхаммедиге еңбекпен ілімнің пайдасын түсіндіреді, не дәрігер, заң жағына бар дейді. Бұдан кейін Низами өзінің ата-бабасына тоқталып өтеді, одан әрі дастанды бастап кетеді. Арнау қазақ әдебиетінде де орын алады. Жүсіпбек Шайхулисламовтың «Мұса мен Қарынбай» қиссасы: Жарандар, бұл сөзіме құлағың сал, Аузымнан шыққан сөзім шекер мен бал, Өзім білген кітаптан оқып көрдім, Жарандар, арам дейді зекетсіз - мал, - деп басталады. Шығарманы тыңдаушыларға, оқырмандарға арнау сөзбен бастау қазақ әдебиетінде әріден келе жатқан дәстүр. Арнаудың жаңаша үлгісіне Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романының басында берілген мына өлеңді жатқызуға болады: Ел үшін күйген, Еңбекті сүйген, Ізгі тілек, Ер жүректі, Жұртшылық көсемі — Жолымды жастарға арнаймын. Күмісбаев Ө.