жартасты тау бөктерлерінде өсетін, сабақтары тарбиған, жайыла өсетін жасыл бұта. Қазақ халқының ұғымында А. қасиетті, киелі ағаш саналады. Қасық, ожау, пішпек тәрізді үй бұйымдары жасайтын ағаш шеберлері А.-ның қаңсып, жарылмайтын қасиетін жоғары бағалайды. А. ағашын ертеде сәулет өнерінің ескерткіштерін салу кезінде, яғни құрылыс ісіне пайдаланған. А. ағашы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде, Қарашаш ана мазарының қабырғасынан кездестіруге болады. А. ағашынан негіз салынған құрылыстың діні, қабырғасы берік келіп, құламай ұзақ ғасырларға сақталады. А.-дан жонылған мәсуекпен тісті тазаласа және тістің етін ысқыласа тіске құрт түсірмейді деп есептейді. Зиянкестерден және бәле-жаладан сақтайды деп қол жуатын құманға, шомылатын суға А. бұтақтарын салып қояды. Жас жұбайлардың алғаш жататын төсегі «ақ некенің ақ төсегін» енесі мен жеңгелері А.-мен аластап, иіс су себеді. Төсекті аластамаса, жын-сайтан жабысып, неке бұзылады деп ырымдайды. Бесікті де А. жағып түтіндетіп аластайды. Тіл-көзден сақтайды деген наным-сенімге байланысты кейбір үйлердің қабырғаларына А. бұтағын іледі. Текемет басқан кезде жұмысқа араласпаған адам қарайтын болса, текеметке көз тиюден сақтайды деп оның жанына А., адыраспан (кейде қызыл түсті мата) тастап қояды. Себебі, текеметтің өрнегі қисайып кетеді деп ырымдайды. Қой топалаң дертіне шалдықса, А.-ны өртеп аластайды (немесе елсіз түзге айдап тастайды, себебі, қасқыр шапса топалаңнан айығады-мыс).