АРЗАН

lat: ARZAN

сын. 1. Бағасы төмен, қымбат емес.

Әсемгүл де, Ошан да ең арзан және үстеріне қона қалатын киімдерді таңдап та, тауып та алғыш-ақ (А.Байтанаев, Қансонар).

Арзан матадан тігілген өңі тайған костюмінің омырауы, жағасы тер сіңіп, шаң қонып шәйірленіпті (А.Жақсыбаев, Қайырлы таң).

Жылкының өті дәрі, қымызы шипа, өзі күш көлік, өнімі арзан (Қ.Ахметбеков, Алқакөл).

2. экон. Жұмсалатын шығыны аз, өзіндік құны төмен.

Арзан, қымбат жағына келсек, араб әрпін өзгертіп алудың шығыны жоқтың қасы екені анық нәрсе (М.Дулатов, Шығ.).

Оның үстіне, ғаскерге арзан һәм көнбіс аттар қазақ жылқысынан шығатынын еске түсірсек, мал шаруасының патшалыққа келтіретұғын пайдасын санап бітірерлік емес (М.Дулатов, Шығ.).

Осы темір жолмен өтетін поездар үшін жақындығы жағынан Екібастұз көмірі таптырмайтын арзан отын еді (Қ.Исабаев, Арман.).

3. ауыс. Құнсыз, қадiрсiз.

Өткірдің жүзі Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан, білмеске арзан.

Надандар бәһра ала алмас (Абай, Тол.жин.).

Кітап - көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан (М.Әлімбаев Өрнекті сөз.).

Өзіңдегі асылың арзан боп, біреудің қаңсығын керемет көретін әдетіміз емес пе (М.Дүзенов, Ақәже).

4. ауыс. Құр, жай әншейін, бос.

Ұлы алқаға түскенде, сөйледім талай шаттанып,

Көңілдің шатты күнінде

Атасы арзан қарасөз

Айтып едім басқарып (Үш ғасыр.).

Молтай арзан тілек айтқан жоқ. Енді екеуінің өмірлік достығын тілеген-ді (М.Әуезов, Шығ.).

5. ауыс. Мазмұнсыз, мағынасыз, мәні төмен.

Денің де сау емес қой,

Болма енді әуесқой,

Арзан той, ыржалаңға (Қ.Аманжолов, Өлеңд.).

Ол ішіп жеумен қыз тырқылды ғана білетін, арзан айқай, арзан жалтылды көп сімірген қауқарсыз пенде (А.Сүлейменов, Бесін).

Қысыр әңгіме, іліп-тартпа сөз, жайдақы күлкі, арзан көңілділікпен күн артынан күнді өткізген боламыз (Ө.Қанахин, Жас дәурен).

6. уыс. Оп-оңай, еш қиындықсыз, жеңіл.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат (Абай, Шығ.).

Тұрмыстың көтерсек те ауыр тасын,

Жаншылып, әр кеудеміз ауырмасын.

Барлықта арзан табар ағайын кеп,

Жоқтықта тапсын да шын бауырласың (Қ.Аманжолов, Таңд.).

Мұндай арзан жеңісті ол еш уақытта күтпеген (Қ.Сәуіркенов, Ерекше белгі).

7. ауыс. Жеңіл жолмен, еңбекті келген.

Өзі іркіс, сөзі тіркіс,

Ой өрісі бір жақта.

Үстірт теңеу, арзан жол,

Шұбырынды шұмаққа (А.Тоқмағамбетов, Сайра. бұлбұл).

Жалған атақ, арзан атақ менің табиғатыма сыймайды (Ш.Хұсайынов, Таныс адам.).

Нағиманың аңсағаны арзан бақыт емес, кіршіксіз махаббат еді (З.Шүкіров, Жас жесір).

8. ауыс. Шынайы емес, жалған.

Сатымсақ, ардан кешкен арзан ақын болма, жуандарға қостаушы, құптаушы, қошаметші болма, - дейді [Абай] (М.Әуезов, Шығ.).

Арзан баққа қолқа салып,

Күндері жоқ сайрандаған,

Қолдан есте қолпашталып,

Дәрежеге сайланбаған (Х.Ерғалиев, Көбік шашқан).

Арзанды қымбаттатып, оңайды қиындатудың орайы жоқ, бірақ оңайлатуды тілеп тұрған қиындықтар аз ба? (Т.Ахтанов, Боран).

Ойнау керек, күлу керек, бірақ жас өмір жалғыз, жалаң ғана сауықпен кетпесі, арзанды алданыш етпесін (С.Байжанов, Жастық.).