АШУ

lat: ASHÝ

Ыза, кейіс, реніш, араздық түрінде көрініс беретін адамның мінезі мен көңіл күйінің жағдайы. Ашу оған әсер еткен қолайсыз нәрселерге жауап ретінде ашулы, ызалы, кекті, қаһарлы түрде көрінеді.

Бойын ашу ыза кернеп, мейірімсіздік көрсету, өңі түнеріп, жаман ниетті күй кешетін болса, адам әр қилы жаман істерге барып жауыздық әрекеттер жасауы мүмкін. Бұл жайт жоғары жүйке қызметіндегі тежелу процесіне ерік бермей күшті қозу процесінің ықпалында болды. Ашу ықпалына көну адамның өз еркіне ие бола алмай жағымсыз іс-әрекетке ұрынуын білдіреді.

Мұндайда адамның бойын билеген көңіл күй Ашуды жеңіп, оған тежеу жасап, адам өзін саналы түрде басқара алатын болуы керек. Қазақта «Ашу дұшпан, ақыл дос, Ақылыңа ақыл қос» деген нақыл бар. Бойын ашу кернеп, кек пен ызаға булыққан адам қатыгездік істерге ұрынады. Өйткені оның бойын ашу ыза билеп, кейде ол өшпенділік іс-әрекеттерге баруы мүмкін. Ондай адам ашушаң, ызақор, кекшіл, қараниетті, арам ойлы болып келеді. Ашу сезімдік-эмоциялық күй. Сезімді әр кезде ақылой, сана билейді. Ашуын ақыл-санаға билеткен адам білікті әрі байсалды.