АССОЦИАТИВТІК ПСИХОЛОГИЯ

lat: ASSOSIATIVTİK Psıhologıa

Батыс ғалымдары (Ньютон мен Локк) ассоциативтік психологияны механикалық және сенсуалистік көзқарастарға негіздей отырып зерттеген болатын. Ассоциациялық қағидаларды қолданудың өрісін көне замандардағы Үндістан мен ертедегі грек ғұламалары да қарастырған. XVIII ғасырдағы ассоциация нағыз детерминистік сипат алып, дене үрдістерінің жиынтығы атқаратын қызмет аспаппен (мәшинемен) істелетін әрекеттер сияқты болады деген ойға негізделді.

Ассоциативтік психология психологияның мән-жайын философиялық тұрғыдан іздестіріп, оны ассоциациялық принциптерге негіздейтін бағыттардың жиынтығы. Психология тарихында ассоциацияны жалпы категориялық ұғым деңгейінде тұңғыш рет көтеріп дәріптеген ағылшын дәрігері Гартли (1705-1757). Ол психикалық үрдістердің бәрі ассоциацияға сүйенеді деп түсіндірді. Гартлидің «Адамды бақылау» деген еңбегі (1749 ж.) ассоциацияның кеңінен тарап, өзекті ілім болып қалыптасуының бастамасы болды.

Бұл еңбегінде ол көптеген психикалық үрдістерді жүйке жүйесінің толқуымен ұштастыра баяндап, адамның санасыз әрекеттерін материалистік тұрғыдан түсіндіруге әрекеттенді. Гартли адамның саналы әрекетінің жемісі болып табылатын ақыл-ой, ерік-жігер қасиеттерін де анықтады. Оның зерттеулері санасыз әрекеттің сырын түсіндіретін алғашқы материалистік тұжырым. ХVІІ-ХІХ ғасырлар аралығында рефлекторлық теорияға негізделген ассоциациялық бұрынғы тұжырым материалистік тұрғыдан нығая түсті, оның субстраты мен ішкі бейнесінің санаға айналуын Т.Браун (1778-1820), Джемс Милль (1778-1830), Дж.Ст.Милль (1806-1873) сияқты зерттеушілер қолдады.

Олардың көзқарастары бойынша, біріншіден, психика түйсік пен қарапайым сезім түрлерінен тұрады; екіншіден, ассоциация бойынша бөлшектер алғашқы да, ал күрделі психикалық құрылымдар елес, ой, сезім екінші деп саналады; үшіншіден, ассоциациялар осы екі топтағы психикалық үрдістер арқылы құрылады; төртіншіден, ассоциациялар күнделікті тәжірибе арқылы санада жиі қайталанып отыру нәтижесінде бекіді. Ассоциациялардың жасалу барысы биология мен жүйке физиологиясын зерттеу нәтижелерімен анықталады. Г.Гельмгольц (1821-1849) ассоциацияның жасалуын сезім мүшелерінің қызметі деп санаса, ал Ч.Дарвин ассоциацияны эмоция арқылы түсіндірді. Орыс физиологі И.М.Сеченов (18291905) ассоциацияның физиологиялық негізін бас миы рефлексінің қызметімен ғылыми тұрғыдан дәлелдесе, Г.Спенсер (1820-1903) оны психиканың филогенездік дамуымен ұштастырып, жалпы психика дамуы мінез-құлықтың өзгеруіне бейімделеді деді. ХІХ ғ. 80-90 жылдарында Г.Эббингауз (18501909), Г.Мюллер (1850-1934) тәрізді басқа да психологтардың еңбектерінде ассоциацияның жасалу жолдары түрліше түсіндіріліп, бұл тұжырым одан әрі дамытылды.

Психологияның XIX ғасырдың орта кезіне дейінгі дамуында бұл ғылымның дербестік сипаты айқындалып, оны зерттеушілер табиғи ғылыми негізге жүгінді, физиологиялық зерттеу әдістерін қолданып, биологиялық үлгіге иек артты. Ассоциативтік психология негізінен, Англияда өрістеп дамыды. Сөйтіп, өз алдына дербес бағыт ретінде қалыптасты. Бұл бағыттың материалистік те, идеалистік те ағымдары болды. Материалистік ағым психологиялық құбылыстарды зерттеуге детерминизм принципін ендіруді көздеді. Ал XX ғасырда ассоциативтік психология механикалық бағытты ұстанған бихевиоризммен ұштасты. Психологиялық мағынасы белгілі жағдайда екі не бірнеше психикалық құрылымдардың өзара байланыстылығын білдіреді.