AT ҮЙРЕТУ

lat: AT ÚIRETÝ

Асау жылқыны қолға үйрету және машықтандыру. Бие байлайтын аудандарда жылқыны құлынымен ноқтаға, жетекке шошындырмай, сылап-сипап үйретеді. Осылайша басыққан құлынды құнан, дөненінде мініске оңай үйретуге болады. Алдымен жылқыны ерттеп немесе жегу әбзелдерін кигізіп дағдыландырады. Егер ат арбаға не шанаға жеккенде тебетін болса, онда қыл құйрығын екіге бөліп, бәлекке байлайды, сонда жылқы тебе алмайды. Мініс жылқысында үзеңгіге аяқ ілінер-ілінбестен шаба жөнелетін асауларда кездеседі. Мұндайда жүгенге көздің тұсынан «қарақшы» былғары тігіледі. Шалқалап құлайтын асауларға ер салып міну өте қауіпті. Оған алдымен құм толтырылған қап артады да, бір атты адам асауды шылбырынан жетектейді. Екі атты адам қамшымен айдайды. Асау әбден шаршап, шалқапап құлауын қойғанда, үйретуші бірден секіріп мінеді де, тізгінді қолға алады. Сонда асау еркін шаба жөнеледі. Қапты тесіп, құмды бірте-бірте сусытып тауысады. Арыны басылған жылқы ептеп тізгінге көнеді.