АЗ ҰЛТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ

lat: AZ ULTTARDYŃ QUQYQTARY

Ерекше этностық топтарға жататын адамдарға олардың арнайы сұраныс- жеттіліктерін қанағаттандыру мақсатымен халықаралық-құқықтық кесімдер арқылы ұсынылатын қосымша мүмкіндіктер. Халықаралық қоғамдастық аз ұлт деген ұғымға барша жұрт мойындайтын анықтама əзірлеп шығарған жоқ. Мамандар мынадай критерийлер ұсынады: мүдделі тұлғаның дара өзіндік таңдауы, этностық топтың өздерін аз ұлтқа теңдестіруі; оның шыққан тегі; айқын көрінетін əлеуметтік, мінез-құлықтық жəне мəдени сипаттары, ең алдымен, ортақ тілдерінің болуы; сол топтың ішіндегілермен жəне жұрттың басқа топтарымен ықпалдасуға мүмкіндік беретін əлеуметтік ұйымның болуы. Аз ұлттар деп танудың негізі ретінде олардың сан мөлшері анықталған жоқ. Пікірлерде елеулі алалық болуына байланысты Аз ұлттардың құқықтары 1948 жылғы Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясына енгізілмеді. Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (1966 ж.) 27-бабында, геноцид, апартеид жəне нəсілді кемсітушілік конвенцияларында Аз ұлттардың құқықтары бірқатар кепілдіктер берілген. 1978 жылы БҰҰ-ның білім, ғылым жəне мəдениет мəселелері жөніндегі Бас конференциясында Нəсіл жəне нəсілшілдік соқыр сенім туралы декларация қабылданды. БҰҰ Бас Ассамблеясының ұлттық я этностық, діни я тілдік азшылыққа жататын адамдардың құқықтары туралы 1992 жылғы декларациясы өткен ғасырдың 90-жылдарының бірінші жартысында бірқатар елдерде этносаралық қайшылықтардың шиеленісуіне қарсы жауап болды. Осы жылы ЕҚЫК (Еуропалық қауіпсіздік жəне ынтымақтастық келісімі) Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссар қызметін тағайындап, бірқатар кеңестер əзірленді. Еуропалық Кеңес Өңірлік тілдер хартиясын (1992 ж.) жəне аз ұлттарды қорғау туралы шектік конвенцияны қабылдады (1995 ж.), бірақ жекелеген мемлекеттердің бұл құжаттар туралы ұстанымы əр басқа болды. 1994 жылы ТМД елдері аз ұлтқа жататын адамдардың құқығын қамтамасыз ету конвенциясын қабылдады. Аталған құжаттардың бəрінде шиеленістердің халықаралық стандарттарды сақтау арқылы алдын алудың бағыттарын ұсынды. Ол стандарттар: жалпыазаматтық құқықтарды қамтамасыз ету жəне аз ұлтқа қатысты белгісіне байланысты кемсітуге жол бермеу; өзінің этностық, тілдік, мəдени не діни дербестігін жеке өзі я бірлесе кедергісіз білдіруге, сақтауға жəне дамытуға өзгеше құқықтылық; түрлі ұйымдар құруға (ассоциациялар, жерлестік ұйымдар т.с.с.) құқықтылық; ел ішінде жəне шетелдердегі ұқсас ұйымдармен кедергісіз қарым-қатынас жасауға құқықтылық; білім алуда, ақпарат алмасуда ана тілін қолдануға, тіпті туған тілінде БАҚ ашуға дейін құқықтылық; ана тілін өмірдің басқа салаларында да, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас жасауда да пайдалану құқығы. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ұлттық саясат елде ратификацияланған Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (1966 ж.) қағидаларымен жəне нормаларымен, нəсілді кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық конвенциямен (1965 ж.) толық сəйкеседі. Еліміз БҰҰ-ның арнайы құрылымдарына берілетін есептердің талабын орындап отыр. Елдің мұндай жұмысы БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД адами өлшемдер мен мəдени мұра жөніндегі басқа халықаралық жəне өңірлік ұйымдардың өзге де құжаттарындағы сындарлы идеялармен, ұсыныстармен толығып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей институтын құру жəне адамның этностық һəм діни қатыстылығына қарамастан оның құқықтары мен бостандықтарының артықшылығына негізделген қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің қалыптастырылуы мемлекет пен қоғамның қоғамдық-саяси тəжірибесінде «ұлттық азшылық» ұғымы мүлде қолданылмайтын этносаралық қатынастар үйлесімділігінің жəне көпэтносты қоғамның бірігуінің жоғары деңгейіне қол жеткізді. Объективті зерттеулер көрсеткеніндей, шығу тегі əртүрлі Қазақстан азаматтары өздерін бірегей халықтың негізгі жəне ажырамас бөлігі ретінде сезінеді, барлық құқықтарды пайдаланады əрі туған тілін қолдануда, мəдениетін, салт-дəстүрлерін дамытуда ешқандай қиындық көрмейді (қар. Ұлттық азшылықтар, Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар).