АЗЫҚ

lat: AZYQ

зат. 1. Азық-түлік, тамақ, ас.

Кете барды арқалап азықтарын ,

Артқа тастап тауларын, жазықтарын.

Қойшы, әйтеуір, қалдық қой екеуміз де,

Тауса аларсың қалайша жазып бәрін (2,335).

Солай деді көсемім; ақылын-сырын жалғауда,

Аштық дейтін бәлекет артымыздан қалмауда,

Азық сұрап өтіндім өзегімді жалғауға (5,68).

2. Жан-жануарларға қорек болатын нәрсе: ет, дән, жем-шөп.

Азық табу оңай ма,

Ақ иығын талдарды.

Аңдар ығып тоғайға,

Адырларды қалдарды (1,216).

Қар да ілігіп қалған-ды тау басына,

Мұз тоңды ма бұлақтың жамбасына?

Суық келіп, суыр да жатқан шығар,

Қамдап алып азығын қамбасына (2,19).

3. ауыс. Жан-дүниенің мұқтажы; рухани байлық.

Анамның маңдайындай аспаныңа,

Қарасам, азық алам жас жаныма.

Сенделіп сендегі өткен күндерімді,

Теңеймін өмірімнің асқарына (1,59).