lat: AZYQ
(пар. азуқа اذوقه )
1. Қорек, жеуге қажетті тамақ.
Ер Қозы азық қылып ас алыпты, Ақылын Қожекеңнің қоса алыпты («Қозы Көрпеш – Баян қыз» (Г.Н.Потанин нұсқасы). Бабалар сөзі. 54-том. 2009. 100 томдық).
Шаһардың азық , ауқат-тамақтары, Бұл уақта ада болып, бітті бәрі («Орқа – Күлше». Бабалар сөзі. 1-том. 2004. 100 томдық).
Қоржынға жүреді екен азық салып, Несиесін алады екен өзі барып («Мың бір түннің хикаясы». Қисса-дастандар, 1986).
2. Тағам, ас.
Түрлі, алуан Жүсіпке азық берді, Жақып сушы құшақтап зары қылды («Қисса хазірет Жүсіп аләйһиссалам илән Зылиханың мәселесі». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).
Азық қылмау – жем қылмау . Елшімен жіберіңдер нама жазып, Пайғамбар – мұсылманға алтын қазық, Пайғамбардың перзенті шаhзадаға, “ Қылма , – деп, – хауарижге бізді азық ” («Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).
Азық сайлау – жейтін тамағын, ауқатын дайындап алу. Жемістен алды бұлар азық сайлап , Түседі дария ішінде салын байлап («Сейфүлмәлік». Қисса-дастандар, 1986).
Дариямен кетті олар салын байлап, Алады дию үйінен азық сайлап («Сейфүлмәлік». Қисса-дастандар, 1986).
Азық-түлік – жеуге қажетті тамақтар, тағамдар. Қапусы екі жақтан болсын, – деді, Азық-түлік бәрісі қалсын мұнда,– деді («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 13-том. 2005. 100 томдық).
Азық-түлік, жау-жарақ жасап алып, Шаһзада тәуекел қып жүрмек болды («Мәлік Хасан». Қисса-дастандар, 1986).
Ақыретте азық бол у – тірі күнде құдайға құлшылық еткен жақсы амалдарының, елге жасаған жақсылықтарының қияметте тозақ отынан аман алып қалуы. Ей, сорлы, ақыретте азық болар , Қайыр беріп, ей, байғұс, батамды алсаң («Қисса хазірет Әлидің Сараң байды жолға салғаны». Бабалар сөзі. 16-том. 2005. 100 томдық).
Ғамалы азық – бұл дүниеде істеген жақсы амалдарының, құлшылықтарының, адамға жасаған жақсылықтарының қиямет күнінде тозақ отынан аман сақтап қалуы. Хақтан қорқып, әр уақытта тағат қылғыл, Ғамалың – өзіңе азық , тілімді алсаң («Дүниенің адамға зияны». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).
Жол азық – жолға, сапарға шығарда алып шығатын тамақ. Жол азық , балаларға ақша беріп, Насихат айтар еді күнде келіп («Жетім көдек». Бабалар сөзі. 1-том. 2004. 100 томдық).