АДАПТАЦИЯ

lat: Adaptasıa

Ағзаның, сезім мүшелерінің ішкі және сыртқы тітіркендіргіштерге, орта жағдайына біртіндеп бейімделуі. Адаптация үрдістері биологияның негізгі ұғымдарының бірі - гомеостазды сақтауға бағытталады. Биологиялық адаптация ағзаның барлық деңгейлерін қамтиды: молекулярлықтан бастап, іс-әрекетті психикалық реттеуге дейін. Экстремалды жағдайларға адаптация сәттілігінде жаттығу процестері, индивидтің функционалдық, психикалық және моральдық күйі маңызды рөл атқарады.

Адаптация сондай-ақ теориялық ұғым ретінде гештальтпсихология, швейцар психологі Ж.Пиаже шығарған интеллект даму теориясындағы индивид пен қоршаған орта арасындағы өзара қатынастың гомеостаздық тепе-теңесу процестері ретінде түсіндіретін психологиялық тұжырымдамаларда да кеңінен қолданылады. Талдағыштар сезгіштігінің тітіркендіргіштердің әсеріне икемделуі. Нәрселердің бейнесін қабылдау кезінде көз шағылыстыратын жарықтың әсерлігі біртіндеп бәсеңдейді, немесе қараңғы бөлмеге кірген адамның көзі біртіндеп маңындағыларды көре бастайды. Сол сияқты, құлаққа жағымсыз естілетін дыбыстарға да бейімделу түрліше болады. Адамның уақытты түйсініп қабылдауға бейімделуі де әр қилы болуы мүмкін. Адаптация мерзімі бірнеше секундқа, ондаған минуттарға созылады. Адаптация орталық және шеткі жүйке жүйесінің қызметтері арқылы реттеледі.

Адамның бейімделуі биологиялық және психологиялық деп екіге бөлінеді: біріншісі, ағза функцияларының және құрылымының ортадағы жағдайға, шартқа бейімделуі; екіншісі адамның әлеуметтік ивдивид ретінде, белгілі талаптарға, жағдайларға, принциптерге, әлеуметтегі және қоғамдағы әдептілік ережелеріне, өзіндегі жекелік қасиеттерін ескере бейімделу үрдісі болып танылады. Әлеуметтік ортаның талаптарына индивидтің белсенді бейімделу үрдісі психологияда әлеуметтік бейімделу (әлеуметтену), әлеуметті аккомодация деп аталады. Қабылдаудың нәтижелілігін арттыру және рецепторларды шектен тыс жүктемеден сақтау мақсатымен сезім мүшелерінің әртүрлі стимулдар ерекшеліктеріне сәйкес бейімделу орын алады.

Бейімділік - ивдивидтің өзін қызықтыратын белгілі бір іске таңдамалы бағыттылығы. Өмірде кездесетін жағдайларға, ең жақсы түрде бейімделуге ықпал ететін адам қылығы.