lat: Afekt
(лат. affectus – қаз. жан дүниесінің толқуы, жан ұшыру, күйіп-пісу). Адамның кездейсоқ тітіркендіргіштердің теріс әсер етуінен жан сезімінің толқуы. Мұндай сезімдік толқулар ұялу, ренжу, наразы болу, таңдану салдарынан пайда болады. Аффекттің қоздырушы күшті (стеникалық) түрі, мыс., қайғыру, жек көріп өшігу және әлсіз (астеникалық) деп аталатын, мысалы, қорқыныш, мұңаю түрлері бар. Аффекттік жағдайда адамның бойын ашу-ыза мен қайғы-қасірет билеп, оның өңі бозарады не қызарады, көз қарашықтары ойнақшып, ерні күбірлейді. Аффект жағдайда жан дүниесінің толқуы дені сау адамдарда да кездеседі. Егер бойын ашу-ыза кернеген адам аффект ұшырағанда ақыл-есінен айырылып, не істегенін білмейтін болса, ондай адамдардың жан дүниесі күйзеліске ұшырап, ауруға душар болған адам деп саналады.
АФФЕКТ (ашуланған, долданған хал, ашу қысқанда уақытша естен адасу). Аффект деп кейде адамдарда тез, бірақ күшті және өте қарқынды өтетін психикалық (эмоциялық) жағдайдың ерекше түрін атайды. Аффекттің екі түрі бар: физиологиялық аффект және патологиялық аффект Физиологиялық аффект кезінде ұрысқан адам ашуланып жаман сөздер айтып, ұрып та жіберуі мүмкін. Бұл жағдайда сана өзгермейді, амнезия болмайды, адам күш салса өзін-өзі ұстай алуы мүмкін. Патологиялық аффект жағдайында адам өзіне-өзі есеп бере алмайды, оның белгісі сананың түнеруі және болған оқиғаның естен толық шығуы.
Физиологиялық аффект пен патологиялық аффектіні ажыратудың соттық-психиатриялық істе маңызы зор. Аффектілеу (ашуланғандықты, долданғандықты сөз арқылы, кейіп-келбет арқылы білдірушілік).
Аффект – субъект үшін маңызды болып табылатын өмірлік жағдаяттардың кенеттен өзгеруінен туындайтын күшті және салыстырмалы қысқа мерзімді жүйкелік-психикалық қозу. Аффект айқын көрінетін қозғалыстық көріністермен және ішкі мүшелердің қызметіндегі өзгерістермен, еріктік қадағалаудың жоғалуымен және эмоциялық күйзелістерді өте қатты көрсетумен бірге жүреді. Аффект болған оқиғаға жауап ретінде сыртқа шығады. Аффект күйі үшін зейіннің аффект тудырған жағдайларға тұтас шомылумен бірге жүретін сананың тарылуы тән. Сананың бұзылуы аффект тудырған оқиғаны еске түсіре алмауға, ал өте күшті аффект кезінде сананың мүлдем жоғалуы мен толық амнезияға әкелуі мүмкін. Аффект – адамның көңіл күйінің кенеттен өзгеріп, зор қарқынмен бұрқан-талқан болып сыртқа тебуі. Адам сезімдерінің көпшілігі аффект дәрежесінде жетуі мүмкін.
Мыс., қорқу сезімінің алғашқы сатысы тынышсызданып, сескенуден басталып, одан соң үрейлену сезімі пайда болады, ол күшейе келе, кісінің зәресі ұшып, аффект сатысына жетеді. Қуаныш кернеген немесе қайғы-қасіретке душар болған адамның да бұл эмоциялары аффект түріне өтуі мүмкін. Аффекттің физиологиялық негізі ми қабығында туған, күші жағынан парапар екі қарама-қарсы реакцияның қақтығысуында Осы қақтығысуға байланысты жүйкелік үрдістер барысында кездесетін кенеттен пайда болған өзгерістер аффекттің жүйкелік механизмі болып табылады. Егерде осындай өзгерістер адамның жүйке әрекетінде ұзақ уақыт орын тепкен байланыстарды бұзса, оның мінезінде невроз тууы мүмкін. Аффект сезімдері адамның бойын билеп алған кезде, оның сыртқы әлпетінде де ерекше өзгерістер туады.
Қазіргі кезде психологиялық, физиологиялық техниканы пайдалану арқылы тыныс алу, жүректің соғуы, тері сияқты мүшелердің өзгерістерін ғана емес, ми жұмысын да зерттеп электрэнцефалограммасын жазып алуға болады. Адамның вегатативті жүйке жүйесі аффект кезінде физиологиялық процестердің тууын, оның барысын басқарып, адамның сыртқы әлпетінің өзгеруіне әсерін тигізеді. Жас балалар өздерінің іс-әрекеттерінің дәлел-себептері әлі саналы түрде айқын қалыптаспаған даму сатысында аффекттерге оңай ұрынуы мүмкін. Баланың кез келген қажеттіліктерін қанағаттандырмау немесе кез келген қайшылық аффекттің дамуына әкеліп соқтырады.
Дұрыс тәрбие беру салдарынан аффектіге бейімделу бала өмірінде үлкен орын алып, оның мінез дамуына кері әсерін туғызу мүмкін. Егер баланың айналасындағылардың өз дегенін сөзсіз орындауына еті үйреніп, онда оның әлдебір талап-тілегінің орындалмауына бөгет жайттар орынсыз ашу-ызасын келтіруі мүмкін. Баланың іс-әрекет түрлері күрделене түскен сайын, оның себеп дәлелдері соғұрлым саналы түрде жасалған түрде болады, баланың эмоцианалдық өмірі жинақы нысандарымен ерекшеленеді және кірікпелі аффективтік төтенше жағдайлар кезінде пайда болады. Аффективтік хал-ахуалдың алдын алу үшін адамның құлықтық қасиеттерінің қалыптасуына, сондай-ақ аффекттің әрбір пайда болуы көрінісін дұрыс қабылдауға бағытталған жүйелі тәрбие жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл орайда баланы оның барлық тілегінің орындалуы мүмкін еместігі және бұл жағдайда ұстамдылық танытып, төзімділікпен күте білуге үйренуінің қажеттігі жөнінде ертерек сіңіре берген жөн. Аффект алдын алу үшін бала назарын басқа жаққа аудару қажет.
Жасөспірім және бозбала кезде аффектпен күресте өзін-өзі тәрбиелеу үлкен рөл атқаруы мүмкін. Афферентация – сыртқы тітіркендіргіштерден (экстероцепция) немесе ішкі ағзалардан (интероцепция) ақпаратты қабылдап, орталық жүйке жүйесіне келетін жүйке импульстарының ағыны. Афференттік лат. афференс деген сөзі, қаз. жеткізуші деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде миға тітіркендіргіштерді жеткізіп отыратын жүйке талшығы ретінде айтылып отыр.