Адамның кездейсоқ тітіркендіргіштердің теріс әсер етуінен жан сезімінің толқуы. Мұндай сезімдік толқулар ұялу, ренжу, наразы болу, таңдану салдарынан пайда болады. Аффекттің қоздырушы күшті (стеникалық) түрі, мыс., қайғыру, жек көріп өшігу және әлсіз (астеникалық) деп аталатын, мысалы, қорқыныш, мұңаю түрлері бар. Аффекттік жағдайда адамның бойын ашу-ыза мен қайғы-қасірет билеп, оның өңі бозарады не қызарады, көз қарашықтары ойнақшып, ерні күбірлейді. Аффект жағдайда жан дүниесінің толқуы дені сау адамдарда да кездеседі. Егер бойын ашу-ыза кернеген адам аффект ұшырағанда ақыл-есінен айырылып, не істегенін білмейтін болса, ондай адамдардың жан дүниесі күйзеліске ұшырап, ауруға душар болған адам деп саналады.
Аффект (ашуланған, долданған хал, ашу қысқанда уақытша естен адасу). Аффект деп кейде адамдарда тез, бірақ күшті және өте қарқынды өтетін психикалық (эмоциялық) жағдайдың ерекше түрін атайды.