АКСЕЛЕРАЦИЯ

lat: Akselerasıa

Соңғы 100-150 жылдар ішінде балалар мен жасөспірімдердің соматикалық дамуы мен физиологиялық жетілуінің тез жүруі.

Акселерация дененің салмағы мен көлемінің артуында, жыныстық жылдам жетілуде көрініс табады. Соңғы зерттеулердің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жүз жыл ішінде балалардың туғандағы бойының ұзындығы шамамен 0,5-1 см-ге, ал салмағы 100-200 г өсті; 5-7 жастағы балалардың бойы әрбір он жылда 1,5 см, ал салмағы 0,5 кг өседі; мектеп жасындағы балалардың бойы 10-15 см өскен.

Жыныстық жетілу орташа алғанда 1-2 жасқа ерте басталады. Кейбір дәстүрлі қатынастардың, оқыту-тәрбие жағдайларының сақталуы жағдайында мұндай жасөспірімдерде психологиялық бөгеттер мен шиеленістер, мінез-құлықтың аффективті түрі көрініс табады. Сонымен қатар, психологиялық акселерация түсінігі де бар, ол - балалардың ақыл-ой дамуының, жан қуаттарының түрлі әсерлерге орай тезірек дамуы.