Алғыс

lat: Alǵys

(көне түркі тілінде алкыш algis) дәстүрлі қазақы дүниетанымда адамдардың бір-біріне жасаған түрлі жақсылығына байланысты игі тілегін, ризашылығын білдіретін ерекше концепт. Сөзді киелі, қасиетті күш ретінде таныған халқымыз алғыс сөздер арқылы адамға жақсылық жасауға болады деп сенген. Неғұрлым алғысты көп алған адам соғұрлым бақытты өмір сүреді деген нанымға иланған халқымыз біреуге риза болғанда ықыласын алғыспен жеткізген. Алғыс, тілек, бата сөздер өзара мағыналас, мәндес ұғымдар. Алғыс та, тілек те, бата да өзара жымдасып, тұтасып жатады. Бұл сөздердің тәрбиелік мәні зор. Алғыс сөздер әуел баста жаратушыға мадақ айту түрінде пайда болғанымен, заман ағымына сәйкес мазмұндық жағынан өзгеріске ұшырап, бүгінде игі іс атқарған адамға ризашылық белгісі ретінде қолданылуда. Алғысты риза болған адам өзі береді. Алғысты сұрап алуға болмайды. Ол риясыз көңілден айтылады. Ал, батаны көбіне үлкен қариялардан немесе ел ағаларынан сұрап алады. Алғысты кез-келген адам айта алады, ал батаны елге сыйлы адамдар, ауыл ақсақалы немесе көп балалы кейуана береді. Қазақы түсінік бойынша ер адам отырған жерде әйел адам ас қайырып, бата бермейді. Ал, алғыс мұндай шарттылықтарға бағынбайды. Бүгінде алғыстың ресми және бейресми түрлері бар. Ресми алғыс үлкен бір істің атқарылып біткен кезінде игілікті іс-әрекетке қатысты айтылады, яғни игі іс атқарған адамға деген ерекше қатынасты көрсетеді. Ал, бейресми алғыс жасы үлкен адамға ізет көрсеткен жастарға, тапсырманы дұрыс және дер кезінде орындаған адамға арналады. Алғыстың мұндай түрлері тұрмыспен, ғұрыппен тікелей байланысын жоғалта қоймайды. Бүгінде алғыс ертедегі синкретті сипатынан түгелге жуық өзгеріп, этикалық жағынан құндылыққа ие болып отыр. Ә.Қайдардың пікірінше, алғыс сөздер екіге бөлініп қарастырылады: 1) бата сөздер; 2) тілек сөздер. Бата сөздерге мысал келтірер болсақ: Қонар жері-қонағасы мол болсын, Қалтасы толы болсын, Қошақан терісі тоны болсын! (С.Бақбергенов) Ал тілек сөздер мыналар: Ақ құдай, сауапқа жаз! Абыройың арта берсін! Маңдайың жарқыраған көсем бол! және т.б.