Алмұрт

lat: Almurt

зат. өс. 1. Раушан гүлділер тұқымдасына жататын биіктігі 8-15 м жеміс ағашы.

Үй іргесіндегі баққа арналған жерді неғұрлым толық пайдалану үшін жиілетіп отырғызу әдісі қолданылады. Осы мақсатпен алма мен алмұрттың арасына сол тұқымдардың ергежейлі сорттарына телінген көшеттерін немесе шие ағаштарын отырғызады («Қазақст. әйелдері»).

Қарағаштар мен акақиялар ғана емес, мұнда алма да, алмұрт та өседі (М.Қаратаев, Далада.).

Бұтағы жайылып өскен жатаған алма ағаштарының арасынан бойын созып алмұрт көрінді (Т.Ахтанов, Махаббат.).

Бұтағынан үзілген - жапырағындай алмұрттың.

Көштің бе сырғып жүзімнен

Алаулы жалын албырт күн (С.Мәуленов, Алыс кетіп.).

2. Алмұрт ағашының дөңгелек конус тәрізді, ірі, тәтті жемісі.

Өрік, алма, алмұрт, жиде жемістер көп, бір татсаң, аузыңнан дәмі кетпейтін (Е.Исмайлов, Ақындар).

Теңіз жағалауындағы жартастарға жұмыртқалайтын қайралардың жұмыртқаларының формасы сопақша ғана алмұрт төрізді болып келеді де, жел соққан мезгілде, әрі абайсызда тиіп кеткен кезде, жұмыртқалары суға құламайды (Р.Әлімбаев.., Құстар.).

Үйме-үйме қауын-қарбыз, төбе-төбе алма, алмұрт, шабдалы, анар... (Ш.Мұртазаев, Жұлдыз.).

Бау, бағымыз қандай еді, не өріктен, не алмадан, не алмұрттан түк қалдырмай тонады, - деді Әділов (Ш.Хұсайынов, Таныс адам.).