Алтай

lat: Altaı

қазіргі Қазақстан, Моңғолстан, Қытай жəне Ресей мемлекеттері шекаралары түйіскен өңіріндегі үлкен тау жүйесі жəне таулы аймақ атауы. Олар Қазақстанда (Кенді Алтай – Шығыс Қазақстан облысы), Моңғолияда (Гобь Алтайы – Баян-Өлгей аймағы, Ховда аймағы, Алтай аймағы, Увс аймағы) Ресейде (Алтай өлкесі, Алтай Республикасы), Қытайда (Шыңжаң автономиялы өлкесінің Алтай аймағы). Осы Алтай – ертеде тұтастай түркі жұртының мекені болған өңір. «Жоталы, жер кіндігі – Памир, Алтай» – деп Мағжан жырлаған «Суыбал, көдесімай, жерімайса, Ағызған сары алтынды тастан Алтай» таулары өзінің түрлі-түсті кенді орындары молдығымен əлемге танымал. Тіл білімі ғылымында Алтай сөзінің тегі көнеден келе жатқан түркілік алтан «алтын» сөзіне орай сабақталады. «Алтай тілдері» деген ұғым, жалпы шығыс халықтарының біразын тілдік тұрғыда біріктіретін жиынтық атау. Алтай тілдерінің үлкен бір тобы – түркі тілі болып табылады. Қазір бұған əзірбайжан, түрік, түркімен, гагауыз, қарайым, қарашай, балқар, құмық, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, татар, ноғай, тува, хакас, өзбек, ұйғыр, шор, чубаш, жақұт, алтай, естек (башқұрт) тілдері жатады. Бұл оның ежелден кенге бай жеріміздің алтын алқасы екендігін айғақтайды. Алтай ежелден қазақтың да баба қонысы, атамекені. Халқымыздың біраз бөлігі Алтайды əлі мекендеп келеді. Халқымыз басқыншылардан ел-жерді қорғауда үлкен ерліктер жасаған өңірден Қаракерей Қабанбай, Ақыр Жəнібек аталған Керей Жəнібек батыр, Оспан батыр сынды ел қорғаны болған тұлғалар шыққан. Тарихта заман ызғарымен шетелге ауған қазақтың «Ағажай, Алтайдай жер қайда» деп көзі мөлдірей сағынышты əнмен аңсаған мекені де осы – асқар Алтай таулары мен даласы. Ғалым-зерттеушілерді Алтай тауының бай табиғаты, ежелгі адамдар өмір сүрген үңгірлер, түркі заманынан қалған ескерткіштер таң қалдырған. Олар «Алтай мен Гималай, екі полюс, екі магнит» деп бағалаған. «Алтайдың алтын адамы» 1997 жылы біздің жерімізге шекаралас Ресейге қарасты Локоть ауданында табылған. Бұл да Есік обасынан шыққан «Алтын адамға» ұқсас, Сақ дəуіріне жатады. Мұндай мұралар «Алтай ескерткіштері» деген атауға ие болды. 1713 жылдан бастап тарихи қорғандар, ескерткіштер мен тас обалар, зираттар жатжұрттықтар тарапынан тоналып, табылған бұйымдар Ресейге жеткізіліп, «І Петрдің Сібір коллекциясы» деген атауға ие болған. Бұлар қазір СанктПетербургтің Эрмитажында сақтаулы тұр. Алтай тауының ең биік нүктесі Мұзтау – Алтай тау жүйесінің Ресей жəне Қазақстан жеріндегі ең биік шыңы (4506 м). Ол Қатын жотасындағы Қазақстан мен Алтай өлкесінің əкімшілік шекарасы маңында жатыр. Ұшар басында Үлкен, Кіші Берел, Меңсу т.б. мұздықтары бар. Бұлардан Қатынсу өзені бастау алады. Алтайдың Мұзтаудан кейінгі екінші биік шыңы – Бесбоғда теңіз деңгейінен 4374 м биіктікте, Қытай мен Моңғолия шекарасында орналасқан. Үшінші биік шыңы – теңіз деңгейінен 4362 м биіктіктегі Мөнххайрхан тауы. Бір ғана Қазақстандық Алтай тауларында 328 мұздық бар. Олардың жалпы ауданы – 89,6 км2. Мұздықтар негізінен 2600 м-ден жоғары тау биіктіктерінде жатады. Олар Қатын, Холзун, Иванов, Оңтүстік Алтай, Сарымсақты тау жоталарында көбірек сақталған. Осы мұздықтардың əсерінен Өр Алтайда өзен де, көл де көп. Олар басын таудағы қар суынан жəне осы мұздықтардан алады. Ең үлкені – Ертіс өзені. Оған Кендірлік Күршім, Бұқтырма, Үлбі, Үбі т.б. шағын өзендер кұяды. Ертіс бойында Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі электр стансалары салынған. Олар Шығыс Қазақстанға, ен еліміздің басқа жерлеріне электр қуатын береді. Олардың ішінде Ақ Берел, Тұрғысын, Березовка, Кіші Үлбі, Көкпекті, Қалжыр, Қалғұты, Ұлан, Білезікті, Қызылсу, Алқабек, Қайыңды, Аққаба, Бұлғын секілді т.б. ірілі-ұсақты өзендерді атауға болады. Олар Ертіске, Бұқтырмаға, Нарын мен Күршімге құяды. Алтайда Бұқтырма, Зайсан, Тұранғыкөл, Марқакөл, т.б. көлдер де бар. Мал шаруашылығымен көшпелі тұрмыс кешкен халқымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі олардың маңызы ерекше. 1976 жылы Марқакөл қорығы ұйымдастырылған. Қорықта Алтайдың тау аңғарындағы кең даласы, бал қарағайлы, шыршалы ормандары, əсем табиғаты қорғауға алынған. Арасан курорты, Рахман қайнары – шипалы жылы су көзi де осында орналасқан. Айналасын биік тау, орман қоршаған табиғаты өте көрікті жер.