Алтын медаль

lat: Altyn medal

а) пед. Орта мектепті үздік бітірген оқушыларға мемлекет тарапынан берілетін үздік жүлде белгісі.

Алтын медальмен бітірген балалардың өзін құлатып тастайды дейді ғой (С.Адамбеков, Қожанасыр.).

ә) Сіңірген еңбегі үшін берілетін ресми марапаттау белгісі.

Концерт тарай, үйіріне қосылған күйшілердің айтуынша, оларды патша өзі отырған бөлмеге шақырып алған да, екеуінің де қолдарын қыса құттықтап, әлде не төресі кеуделеріне алтын медаль қадаған (С.Мұқанов, Аққан жұлд.).

«Бағынышты елімізбен бірге Ресей құзырына өтеміз», - деп қол қойып, арыз жазған Үрістем, Әли, Хакім, Сүйік төрелердің омырауына орыстар алтын медаль тағыпты (Қ.Жұмаділов, Прометей.).

б) Спорттық жарыстарда үздік шыққан спортшыға не спорт командасына берілетін үш жүлденің біріншісі.

Күресте барлық дүниенің балуандарын ағалап жығып, алтын медаль алған алып Ғайдамақ Мартынов Омбыға келгелі де осы цирктегі балуанның бәрін ағалап болған; Бұл күнге дейін Омбының циркіндегі ағалап келген алыптың бірі - Мұқан (І.Жансүгіров, Шығ.).

Бұл спортшы диска лақтыруда алтын медальды омырауына таққан болатын («Спорт»).

Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған ең жас спортшы, Голландия ескіштерінің рулевойы 1908 жылы жеңіске жеткен көрінеді («Спорт»).

Совет атлеттері тек төрт жазғы олимпиада мен үш қысқы олимпиадада 294 алтын медаль, 234 күміс медаль мен 210 қола медаль алды («Қазақст. мұғ.»).

б) Өндіріс, өнер салалары бойынша өткізілетін жарыстардың I жеңімпазына берілетін алтыннан жасалған, не алтын жалатқан, не алтын қосылған медаль.

Лейпцигте 1967 жылы өткен халықаралық жәрмеңкеде осы туысқан елдің кәсіпорындары шығарған жиырма өнімге алтын медаль берілді (С.Хайдаров, Азамат.).

Арменияда шығаратын, дүние жүзіне атағы жайылғанын, Парижде болған дегустацияда алтын медаль алғанын естіген боларсыз?.. Одан артық коньяк жер шарында жоқ (С.Мұқанов, Есею жыл.).