Аман

lat: Aman

[ар. ] сын.1. Сау-саламат, есен-сау.

Әленді бip қолынан қайыққа байлап қойған екен, аман қалуына сол себеп болыпты-мыс (X.Досмұхамедұлы, Шығ.).

Ештеңе етпес, біз аман болсақ жетімдік көре қоймас (Д.Исабеков, Екі жиырма).

Денесіне жара салғызбай, арына таңба бастырмай адал, аман ету шарт (М.Әуезов, Шығ.).

Xалдан Цереннің көзі тірісінде аман алып қалған Қарасақалдың басын енді оның қырық пышақ боп қырқысып жатқан балаларына апарып бермек пе? (Қ.Жұмаділов, Дарабоз).

2. Түгел, бүтін, шығынсыз.

Иса сәл ес жиып алысымен, екеуі аман қалған қойды жиыстырды (М.Әуезов, Абай жолы).

Қостап шығатын жылқы, отарлап жайылатын қой, көктемде салынатын егін, күзгі орылатын пішен, анда-санда шығарылатын қалашы, қыс малды ірге аударып салатын шүйгін шөп, соны жер, жұт-жалаңнан аман етер құйқалы өңір - бәрін-бәрін ерте бастан Бақтығұл біледі (М.Әуезов, Қараш.).

Халықты қанды қырғыннан аман сақтап қалудың жалғыз жолы сол болды емес пе?! (К.Жұмаділов, Дарабоз).

3. Құр, бос, сау, қатысы жоқ.

Аз ба, көп пе, адам баласы біртүрлі мақтаннан аман болмағы - қиын іс (Абай, Калың елім.).

Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай? (Абай, Қалың елім.).

Қысылмақ түгіл әр жайды ойлап, сескенуден де аман болмас! (М.Әуезов, Шығ.).