lat: Anyq
сын.. 1. Көмескі емес, қатты.
Үлкен ауыл жақтан жаңғырыққан дауыс шықты. Түнгі дауыс саңғырап, қандай анық естіледі (Ж.Аймауытов, Шығ.).
2. Дәл, айқын. Мен дастархан басына отыра бергенде, шам жарығы анық көрсетіп - жарқылдап Сақып отыр (Ж.Омарбеков, Сөнбе.).
Исатайдың көтерілісі қазақтың көзін ашып, патша өкіметін танытты, патша өкіметіне сүйенген хандардың, сұлтандардың қазаққа нағыз дұшпан екендігін анық көрсетті (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.).
Арамызда Абайдың сөзін естіген жолдастарының я туғандарының болмағандығынан, өлеңдерін анық білетін кісілердің табылмағандығынан, Абайдың өлеңдерін тексеру, жаңылыс басылған сөздерін түзету, өлеңдерін жүйесіне, мағынасына қарай жіктеу орасан қиын болды (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.).
Жануарларды тексергенде дененің өткен тіршілігіне лайық болып жаратылатындығын, мүше түзілістің мүше қызметтерімен байланысты болатындығын қолдан келгенше анық байқатуға тырыстық (Х.Досмұхамедұлы, Таңд.).
3. Шын мәніндегі, нағыз.
Қаймақтан ұшқан қу інген,
Анық сұңқар мен едім.
Тегеурінім теріс біткен,
Тепсем жілік сындырған,
Қыран бүркіт мен едім (С.Сейфуллин, Шығ.).
4. Белгілі, нақты.
Ханның мирасқоры өзі болғандығын анық білдіру үшін хан, сұлтан деген атақты жойды, ақсүйек табын жойып, төрені қара қазақпен тең қылды (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.).
Қыз жайы қазір бізге анық.
Бөлменің шамын жақпады.
Жарықтан, бәлкім, қызғанып,
Оңаша қалпын сатады (Н.Шакенов, Айгүл).