Апа

lat: Apa

зат. 1. Баланың туған анасы, шешесі.

Қайт деп, апа, жылай берме,

Жүремін ғой жазып хат.

Қашағанды қуар-ау,

Жүйрік мінген боташым.

Көкесі мен апасын (Ә.Тіжібаев, Шығ.).

Алдыменен оң қолыңның қайсы екенін таны сен,

Ағаңа ақыл айтар кезге жеткен жоқсың әлі сен, - деп өзімше қыр көрсете бастаймын ғой баяғы,

Апам сонда миығынан мырс-мырс күліп қояды (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Жалғыз баласы болғандықтан әкем де, апам да мені қатты сағынады (Р.Тоқтаров, Қыран.).

2. Бірге туған қыздардың үлкені, әпке.

Қатардан неге қалдық деп

Кеуілі ренжіп кетпесін,

Отырған апа, жездеңіз.

Кел-кел, келін, керілмей,

Бойкүйез тартып ерінбей, Оларға да бір сәлем! (Базар жырау, Шығ.).

Кіші қыз кеңес құрды үшеуара,

Тыңдады патша, уәзір тұра қала.

«Екі апа- ау , елден жетім біз үшеуіміз,

Немене жылағанмен болар шара? (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Сіңлісі апасының аулына келсе, ауыл сыртында көлігінен түсіп қалып, жаяулап алдынан шығар, амандасар апасын күтеді (С.Бегалин, Бала Шоқан).

Апасының киген тонын сіңлісі де киер (Қаз. мақал.).

3. жерг. Әкесінің шешесі, әжесі. 

Апа, сіз қайда болдыңыз (Қаз. тілі. аймақ. сөздігі).

4. жерг. Жасы үлкен әйел адамды құрметтеу мағынасында айтылатын қаратпа атауыш.

Апа, мында отырыңыз (Ауызекі).