Ақмола көтерілісі

lat: Aqmola kóterilisi

қазақ халқының 1916 ж. Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі. Ақмола өңіріндегі Қорғалжын, Қарабұлақ, Қоржынкөл, Ереймен, Сілеті болыстарында қарулы жасақтар ұйымдастырылды. Көтерілісшілерге кәсіпорындардың қазақ жұмысшылары қосылды. Қыркүйек қазан айларында Қорғалжын өңірлерінде, Ерейментауда, Ұлытауда жалпы саны 40 мыңнан астам көтерілісшілер шоғырланды. Қазан - қараша айларында қазақ жасақтары мен империяның әскери бөлімдері арасында бірнеше ауыр шайқастар болып өтті. Орыс зеңбіректері мен пулеметтеріне қарсы ашық айқаста төтеп бере алмайтынына көзі жеткен көтерілісшілер шағын топтармен үкімет әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасау тәсілін қолданды. Мұндай тәсілмен олар жауларын титықтатып, жеткілікті қару-жарақ жинағанша уақыт ұтуға тырысты. Көтерілісшілердің негізгі күшін ашық айқасқа тарта алмаған жазалаушылар тобы бейбіт елді қырғынға ұшыратты, мал-мүлкін талады, ауылдарды өртеді. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасындағы ірілі-ұсақты ұрыстар 1917 ж. ақпанына дейін созылды. Ақмолалық көтерілісшілердің бір бөлігі Торғайдағы Әбдіғаппар Амангелді әскеріне келіп қосылды.