Ақпан төңкерісі

lat: Aqpan tóńkerisi

1917 ж. 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша өкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс. Төңкеріс нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік думаның шешімімен Уақытша үкімет құрылды. Ақпан төңкерісі жеңісінің ең маңызды нәтижесі елде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта саяси бостандықтар (сөз, баспасөз т.б.) жүзеге асырыла бастады, партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан төңкерісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін, мысалы, соғыс және жер мәселелерін шеше алған жоқ. Жаңа үкімет органдарын құру ұзаққа созылды. Жер-жерлерде Уақытша үкіметтің органдарымен қатар, орталықта Петроград кеңесі басқарған Жұмысшы, солдат және шаруалар кеңестері құрылды. Осылайша, елде қосүкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және Кеңестер) жүйесі қатар орын алды. Уақытша үкімет Қазақстанда кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың зиялыларынан өлкелік, облыстық және уезд комиссарларын тағайындады. Мысалы, Ә.Бөкейхан Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, М.Тынышпаев Жетісу облысындағы комиссарлары болып тағайындалды. Қазақстанның уезд, облыс орталықтарында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары қалыптасты. Олар негізінен жергілікті орыс буржуазиясының, кәсіпкерлердің өкілдерінен құралып, кадеттердің, эсерлердің және соларға жақын саяси партиялар мен қозғалыстардың мүшелері болды. Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 ж. наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман комитеттері болды. Олар негізінен сол жылы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш партиясын ұйымдастырған Ә.Бөкейхан басқарған зиялылардың жетекшілігімен құрылған болатын. Қосүкіметтіліктің дүниеге келуі елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екенін көрсетті. Барлық билік не Уақытша үкіметтің, болмаса Кеңестердің қолына көшу тиіс еді. Ақырында, саяси тұрақсыздық Қазан төңкерісіне ұласып, Уақытша үкімет биліктен тайдырылды.