Араб- мұсылман эстетикасы

lat: Arab- musylman estetıkasy

мұсылман әлемі ойшылдарының орта ғасырлардағы араб тілінде жазған еңбектері арқылы қалыптасқан эстетикалық талғамдар мен талаптар жүйесі, адамзат өркениеті тарихындағы ислам ренессансы деп аталатын мәдени өрлеу кезеңінің жемісі. Бұл құбылыстың ілімдік негіздерін жасаушылардың қатарында шығыс перипатекасының (қ. Перипатеттер мектебі) өкілдері (әл-Фараби, 870-950, ибн Сина, 980-1037, ибн Рушд, 1126-98) тұр. Олар Аристотельдің «Поэтикасына» сүйене отырып, поэтик. тілді, оның ақиқаттығы не жалғандығына қарамастан, эмоциялық оң және теріс әсерлер туғызатын құрал ретінде қарастырды. Бұл ғұламалар көркем шығармашылықты көне грек тіліндегі «мимесис» (еліктеу) ұғымы арқыл түсіндірді. Көркем шығарма жасаушы табиғатқа еліктеу арқылы қабылдаған бейнесін қиял дүниесімен ұштастырады деп білді. Сопылық бағыт ықпалындағы ойышылдар поэтикалық құбылтулар мен жасампаздық бағытын ұстанды. Араб- мұсылман эстетикасы тән негізгі ұғымдардың бірі әдеп. Ол антикалық білімділік принципімен қоса кейінгі гуманизм идеясын да өз бойына сіңіреді. Жалпы алғанда, адаптық эстетикалық мазмұны айқын ол жоғарғы құндылықты білдіреді. Әдемілік пен әсемдік кемел адамды тәрбиелеу мақсатымен тікелей байланысты. Бұл жоғарғы қасиеттер пендешілік пен пайдакүнемдіктен арылуға себебін тигізді және құштарлық арқылы мінсіз жетілуге әкеледі. Араб- мұсылман эстетикасы өкілдері формалар мен әуендер сұлулығынан ләззат алу сол формалар мен әуендердің адам табиғатына жақындығынан деп түсіндіреді. Бұл ағымның көрнекті өкілдері Әбу Әли ибн Хазым (994-1064) және ибн әл-Хайсам (965-1039). Философтар, ақындар әлем сұлулығы мен үйлесімділігі туралы жазды( әл-Фараби, ибн Сина, Омар Хаям, ибн Рушд). Сұлулық кейде Пифагор рухында түсіндіріліп, ғарыштың, пластик. формаларыдың, түстердің және дыбыстардың жарасымдылығы тұрғысынан қаралды. «Риясыз ағайындылар» энциклопедиясының авторы, сопылық бағыттағы ойышлдар мен ақындар (ибн әл-Араби, 1165-1240, Руми, 1207-73) болмысқа ұқсатылып жаратылған бүкіл әсемдік пен көркем құбылыстардың ұштастырылуын эстетикалық тұрғыдан баға беру өлшеміне айналдырды. Олар зиялылық пен имандылықты біріктіре білген сұлулықты дәріптеді. Әдебиеттануда өлеідердің мазмұн, пішіні, дәстүр мен жанашылдық, көркемдік талғамдар мен нормалардың өзгеруі, эстетикалық таным проблемалары үлкен орын алды. Исламдағы бейнелеу өнеріне қойылған шектеулер кқркем шығармашылықтың бұл саласын теориялық тұрғыдан жеткілікті зерттеуге мүмкіндік бермеді. Суретші шығармасындағы бояудың тазалығы мен қанықтығы, нәзіктік, үйлесімділік, жеңілдік- шеберлік үлгісі ретінде танылды. Махаббатты, гүлдерді, бақтарды бейнелеген әсем суреттер музыка сияқты көңіл күйді қанаттандырып, қайғы-мұңды сейілте алады, рухани күш беріп, қажыр-қайратыңды шыңдай түседі деп ойлады. Хұснихат өнері жоғары бағаланды. Орта ғасырлардағы мұсылмандардың эстетикалық идеялары әлемдік эстетикаға үлкен ықпал етті.