Артиллерия

lat: Artılerıa

1. Құрлықтағы негізгі әскер түрлерінің бірі. 2. Қару түрі немесе дәрімен атылатын қару-жарақтың және жабдықтың жиынтығы. 3. Дәрімен атылатын қару түрлерінің құрылысын, ерекшеліктерін, ұрыста қолдану тәсілдерін зерттейтін әскери ғылымның бір саласы. Артиллерия артиллериялық зеңбіректермен, минометтермея, байланыс және барлау аспаптарымен жабдықталған әскери бөлімдерден, әскери құралдардан тұрады, артиллерия, құрлықтағы әскердің жауға соққы берудегі негізгі күші. Артиллерияның атысы өз танкілерінің, моторлы атқыштар әскерінің шабуылға шығатын жолын ашады, ал қорғаныс кезінде жау әскерлерінің жолын бөгейді және оны жояды. Артиллерия ұрыста жаяу әскерлермен, танкілермен, авиация бөлімдерімен бірлесе отырып, жаудың танкілерін, минометтерін, өздігінен жүретін артиллериясын, жанды күшін талқандайды, қорғаныс құрылыстарын бұзады және жаудың тылда жұмыс істеуіне, әскерлерін басқаруына кедергі жасайды. Әскери артиллерия: батальондық, полктік, дивизиялық, корпустық, армиялық артиллерия болып бөлінеді. Осы кездегі артиллерия теңіз, әуе, құрлық артиллериясына бөлінеді. Теңіз артиллериясы корабльді және теңіз жағалауындағы қорғаныс артиллериясы болып бөлінеді. Әуе артиллериясы жау ұшақтарын және жер бетіндегі нысаналарды жою үшін бомбардировщиктерге, штурмовиктерге, жойғыш самолеттерге қондырылады. Құрлық артиллериясы: далалық, реактивтік, өздігінен жүрегін артиллерия түріне бөлінеді. Артиллерия жаудың жердегі және әуедегі нысаналарын жояды. Минометтер де артиллерияға жатады. Әуе шабуылынан қорғайтын зенит артиллериясы кіші, орта және ірі калибрлі болып келеді. Артиллерия тағайындалуына және атыс күшіне байланысты жеңіл, ауыр, ірі, ерекше және арнаулы артиллерия болып жіктеледі. Артиллерия зеңбіректерінің калибрлері 20 мм-ден 400 мм-ге дейін. Оғының ұшу қашықтығы 30 км-ден асады. артиллерияның жетілуіне байланысты оның реактивтік жене атомдық түрлері шықты.