Аса

lat: Asa

зат.миф. 1. Диуананың, діни-мифтік аңыздардағы пайғамбарлардың қолына ұстайтын ерекше таяғы.

Мұсаның (О.Моисея) «қасиетті асасы» болыпты-мыс. Мұса ол асасымен алуан түрлі ғажайыптар жасайды екен. Діни аңызда Мұса асасымен Ніл дариясының суын қақ бөліп, сол жерден өзінің Мысырдағы қауымын алып өтіпті-міс (Н.Оңдасынов, Араб-қаз. сөздік).

Үсті-басы жалба- жұлба, қолында асасы бар диуаналар қазақ ортасына ислам дінін таратушы қожалар болды (З.Шашкин, Ұядан үш.).

Ақ сөлдесі басында,

Сырлы аса қолында.

Бір диуана келді де, асамен түртіп оятты (Алпамыс).

2. Ұзын таяу.

Қабырғада сүйеулі ала таяқтардың арасында сарғыш буынды, бойшаң бұхар асалары көрінді (Х.Есенжанов, Ақ Жайық).

Біздің қақпаның алдынан күнде бір қайыршы шал үзын асасын жоғары көтеріп өтетін еді (С.Ерубаев, Шығ.).

Жалғыз ұлын кім құтқарды?

Сұрамады оны да,

Қайтпақ болып ыңғайланды асасын ап қолын (М.Шаханов, Ғасырлар.).

3. Дәрежелі адамдар (хан, би, қажы т.б.) қолына ұстайтын таяқ.

Арғын, Қыпшақ игі жақсылары мәжіліс қүрып, батыр Саян тағдырын өздеріңше шешіңдер, - деді Әбілхайыр хан кенет асасымен жерді ұрып (І.Есенберлин, Алмас.).

Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,

Мен қалай, Әбе, сені жат санайын,

Абыржып асаңды ұстап отырғаның,

Ашулы Грозный патшадайын (М.Мақатаев, Шығ.).

4. Балгер, сопылар ұстайтын таяқ.

Балгер зікір оқып, біраз сарнап отырды да, шашақты аса таяғын жоғары сермеп, екілене сөйлеп кетті (С.Омаров, Дала қызы).

Өздеріңдей сүпыға,

Аса болған бұл ағаш (Қашаған ақын//ХІХ ғ. қаз. поэз.).