1) неғұрлым жалпы мағынада екі (одан да көп) элементтердің арасындағы анықталған кез келген функциялық байланыс; 2) бихевиоризмдегі үйрену теориясында стимулдар (S) мен реакциялар (R) арасындағы байланыстар немесе бірігу. Бихевиористер сол байланыстың табиғатын ұғуға тырысты; 3) қайсыбір стимул немесе оқиға әсерінен алынған нақты психологиялық тәжірибе: мысалы, «ауыл» деген сөзді естігенде, бірнеше ассоциация пайда болады; 4) статистикада бір айнымалыдағы өзгеріс дәрежесінің екінші айнымалыдағы өзгерістерге байланысты болуы; 5) психологияда сыртқы және ішкі тітіркендіргіштердің әсер етуінен туатын адамның психикалық процестері мен қимыл-әрекеттерінің байланысы. Ассоциация адамның бұрынғы тәжірибесі негізінде пайда болып, заттар мен құбылыстардың кеңістіктік-уақыттық қатынастары (кеңістік пен уақыт ішіндегі іргелестік ассоциациясы, мысалы, көктем мен жасыл шөптің шығуы) олардың ұқсастығын (ұқсастық ассоциациясы, мыс., жапырақ сыбдыры мен сыбырласу) немесе қарама-қарсылығын (күн мен түн, кәрілік пен жастық) бейнелеуі мүмкін. Объектілер арасындағы анағұрлым күрделі, мысалы, себептер мен салдар арасындағы байланысты білдіретін ассоциация болады. Физиологиялық тұрғыдан қарағанда, ассоциация екі немесе бірнеше тітіркендіргіштің бір мезгілде немесе бірінен соң бірінің әсер етуінен туатын уақытша процесінде үлкен орын алады. Білім алу адамның бұрынғы тәжірибесі мен жаңадан игерген түсініктері, ұғымдары арасындағы байланыс (ассоциация) жасау процесі екені мәлім; 6) бір психикалық құбылыстың (қабылдау, елестету) жаңғыруы екіншісінің пайда болуын ілестіретін олардың арасындағы байланыс.
Ассоциация туралы ұғым ежелгі дүниенің философиялық ілімдерінде қалыптасқан. Психологиялық ой aссоциация фактісін жай ғана баяндап қоюдан (мыс., затты қабылдау оның иесінің бейнесін тудырады) оны организм ішіндегі процестермен түсіндіруге көшті. Бұл ассоциация ұғымына детерминистік (лат. determinare психикалық құбылыстардың өздерін тудыратын факторларға заңды әрі қажетті тәуелділігі) мағына береді: санада бейненің, әдетте, оған шақыртқы болатын сыртқы тітіркендіргішсіз пайда болуы денелік процестердің өткендегі тәжірибеде бекіген байланысының есебіне жатқызылды; бұл процестер, Аристотельдің айтуынша, олардың араластығы, ұқсастығы немесе кереғарлығы (контраст) себепті жақындаса түсіп, берік бірлестіктер түзуі мүмкін. Жанда үйлестік мүшелерінің бірі пайда болғанда, ол «автоматты түрде» организмде жасырынған басқаларына шақыртқы болады. «Идеялар ассоциациясы» терминін, ассоциацияны ақыл-ойға негізделген байланыстарға қарсы қойған, Дж.Локк енгізді. Ассоциация туралы ұғым ХVIII-ХІХ ғасырлардың философиялық жүйелері үшін басты ұғым болды. Ассоциацияның физиологиялық негізі шартты рефлекстер.