Қарсы үш деп көппен бірге тілек етсем, мұнымды асылзада жақтай ма екен? (М. Әуезов).
Бұл сөз асыл және зада сөздерінің қосылуынан жасалған біріккен сөз. Заде//зада парсы сөзі болу керек. Парсыша [зад] — «туылу» «шығу тегі», «бала», «балапан» мағынасында жұмсалады. Кейбір тілдерде зада, әдетте, адам аттарына қосылады да «ұлы», «тұқымы» деген мағына береді, Мысалы, азербайжан тіліндегі Демирчизаде, Чобанзаде, Агазаде сияқты адам аттарын өз тілімізбен айтсақ Демирчиұлы, Чобанұлы, Ағаұлы болып шығады. Тәжік тіліндегі зода және түрік тіліндегі zade сөзі — адам аттарына шығу тегін білдіру үшін қосылатын сөз. Демек, асылзада деген сөзіміз «асыл тұқымды, асыл адамның баласы» деген мағынадағы сөз. Тіліміздегі Ханзада, Бекзада дегендегі зада да осы сөзбен төркіндес. (Ш. С.)