АТРИБУЦИЯ

lat: Atrıbýsıa

(Каузальды) құбылысқа, адамға немесе затқа қандайда бір тікелей қабылдауға әсері болмайтын қасиетті тіркеу. Атрибуция тұлғааралық қатынастар жағдайында кісінің басқа адамдардың мінез-құлық себептері мен мотивтерін түсінуі. Оны зерттеу мына жағдайларға негізделеді:

1) адамдар бірін-бірі тану кезінде тікелей қабылдау процесімен ғана шектелмей, олардың мінез-құлқының себептері жөнінде өздігінше тұжырым жасап, талдайды;

2) адам жөнінде бақылау негізінде алынатын ақпарат сенімді қорытынды жасауға жеткіліксіз болатындықтан, бақылаушы мүмкін болатын мінез-құлық себептері мен тұлғалық қасиеттерді соған жатқызады;

3) мұндай себептік талдау бақылаушының мінез-құлқына әсер етеді.

Атрибуцияны зерттеумен бұрын тек қана әлеуметтік психология ғана айналысқан болса, қазіргі кезде оны жалпы психология да, педагогикалық психология да, жастық психология да, спорт психологиясы да өздігінше зерттейді. Атрибуция негізін салған Ф. Хайдгер. Ол бұл мәселенің негізгі категориялары мен қағидаларын жасап шығарды.

Атрибуция эксперименттік зерттеудің маңызды нәтижелері мен қорытындылары мыналарды анықтады:

1) адамның өз мінез-құлқы мен басқа адамдардың мінез-құлқын түсіндірудегі айырмашылықтардың болуы;

2) Атрибуция процесінің субъективтік мотивациялық және акдараттық факторлардың әсерінен логикалық нормалардан ауытқуы;

3) Атрибуция адамның мотивациясы мен іс-әрекетіне ынталандырушы әсер етуі. Ол бұл іс-әрекеттің сәтсіз нәтижелерін сыртқы факторлардан көруі, ал сәтті нәтижелерін ішкі факторлардан көруі.

Осындай эксперименттік зерттеулердің нәтижесінде анықталған заңдылықтардың негізінде адамның эмоциялары, бағдарлары, мотивациясы мен іс-әрекет тиімділігіне әсер ету мақсатымен, атрибуция пайдаланудың тәсілдері құрастырылды. Отандық психологияда бұл мәселенің әлеуметтік құрастырылуы іс-әрекет процесінің атрибуция жанамаланатыны жөніндегі әдіснамалық принципі негізінде жүзеге асырылуда. Атрибуция топ мүшелерінің бірлескен іс-әрекеттегі сәттілік пен сәтсіздіктер үшін өз жеке жауапкершілігін мойнына арту мен қабылдау құбылысы ретінде де зерттеледі. Осылайша, жоғары дамыған топтарда, ұжымдарда бұл іс-әрекет нәтижесіне ұжым мүшелерінің іс-әрекетін ескеруге тиіс.