(лат. attribuo – қосамын, үлестіремін, қасиет) – белгілі бір объектінің қажетті, мәнді ажырамас қасиеті. Мысалы созылу, салмақ, түр-түс және т.б. – материалды заттардың Атрибут болып табылады. Логикада Атрибут деп сөз болып жатқан жайтқа байланысты мақұлданатын не терістелетін нәрсені айтады; Атрибутың маңызды немесе маңызды емес, қажетті немесе кездейсоқ болуы да мүмкін.
Атрибутсыз заттың болмысының айқындалуы, танылуы, тіпті болуы мүмкін емес. Кезінде Аристотель тұрақты Атрибуттың кездейсоқ, өтпелі күйден ерекшелігін айқындап, заттың өткінші уақытша құбылысын акциденция деп атады. Декарт Атрибут субстанцияның негізгі қасиеті деп санады. Сондықтан да, Декарт философиясында материалдық, заттық,денелік субстанцияның негізгі атрибуты – созылу, кеңістікте белгілі бір орын алу болса, рухани субстанцияның атрибуты – ойлау болып табылады. ХVIII ғ. философ-материалистері материяның басты Атрибут кеңістікте созылу мен қозғалыс деп тұжырымдайды. Диалектикалық-материалистік философияда кеңістік пен уақыт, қозғалыс, сондай-ақ, жүйелілік пен бейнелеу материяның атрибуттары деп танылды. Заттарға тән қасиеттерді білдіруде Атрибут ұғымы қазіргі заманғы философияда да (философиялық антропология, неотомизм, персонализм және т.б. бағыттарда) кеңінен қолданылады. Мысалы: шындықтың бес Атрибуты анықталып көрсетіледі, олар: энергия (қозғалыстың қайнар көзі), кеңістік (созылу), уақыт (өзгеріс), сана (белсенді түрде бейнелеу), және форма (ұйымдастыру, құрылым). Исламдық танымда Атрибут ұғымы «исм» (есім), «сифа» (сапа, қасиет), «уасф» (сипаттау) терминдерімен берілген. Ортағасырлардағы мұсылман философиясында Атрибут мәселесінің екі түрлі аспектісі қарастырылған. Бұл бір жағынан Құдай, Бастапқы Мән, Бастапқы Баршылық және т.б. сипаттағы дүниені жаратушы алғашқы түпнегіздің Атрибуттары мәселесіне байланысты болып келеді. Мұнда Атрибут ұғымы бастапқы түпнегізді түсіну және оның өзі жаратқан дүниесімен байланысын бейнелеуге қатысты қолданылады. Мәселенің екінші қыры дүниедегі жаратылған заттардың атрибуттары тұрғысынан туындайды. Бұл жағынан алғанда Атрибуттар мәселесі категориялар (макулат), және предикаттар (махмулат) туралы сауалдарға жақын келеді. Ал, мұсылмандық перипатетизмде бұл екі мәселе де бірлікте қарастырылады.