Австрия социал-демократиясының XX ғ. бірінші ширегінде қалыптасқан ғылыми-саяси тұжырымдамасы. Социал-демократиялық жұмысшы партиясының көрнекті қайраткерлері О.Бауэр, К.Деннер, М.Адлер, Ф.Адлер өздерінің теориялық ізденістерінде революцияшыл марксистік тұжырымдаманың өзіндік ерекше нұсқасын жасады. Олар большевиктердің революцияшылдық және батыс социал-демократиясының реформашылдық тұжырымдамаларынан іргесін ажыратып алуға тырысты. Австромарксистердің пікірі бойынша, пролетарлық революция өте ұзақ жүргізілетін, бірте-бірте іске асатын үрдіс, ол үш сатыдан (саяси, ұлттық және әлеуметтік) тұрады. Саяси революция Габсбургтер империясын жойып, демократиялық парламенттік мемлекет құрылысына жол ашуға тиісті. Ұлттық революция ұлттық мәселені шешіп, экономикалық жағынан неғұрлым тиімді аймақ шегінде жаңа мемлекеттік құрылымды жасауды іске асырады. Ал әлеуметтік революция әлеуметтіксаяси және экономикалық қайта құруларды іске асырады. Пролетарлық партияның өкімет басына келуі саяси бүлік жолымен емес, демократиялық сайлауда жеңу жолымен іске асырылуға тиісті. Бұл социализм құруға жол ашады. Социализм құрудың мәні – меншік түрін өзгерту емес, өндірісті әлеуметтендіруді іске асыру, яғни, экономикалық жүйенің барлық құрылымдарында кәсіпкерлердің, жұмысшылардың, тұтынушылардың және мемлекеттің өкілдерінен тұратын ерекше келісім комиссияларын құру арқылы әлеуметтік әділетсіздікті және адамды адамның қанауын жою.