Аз

lat: Az

ет. 1. Арықтап жүдеу, азып-тозу, ару.

Үсен әбден аштықтан азған, киiмдерi жыртық, үсті басы саусыған кiр (Қаз. ертег.).

Адам ұйқысыздықтық азабын шексе, ашуланшақ, кейiгiш болады да, азып арықтай бередi (Н.Әжіғалиев, Мал. ауру.).

Айдау көрiп мал азды,

Ұйқысы кетіп жан азды,

Қатын мен бала домықты,

От басында отырған («Қаз. әдеб.»).

2. ауыс. Азғындау, бүліну, жақсы қасиеттен айырылу, дұрыс жолдан таю.

Азған елдің адамы,

Апшыған сұмдар қадамы,

Жүйрiкпiн деп шабаны,

Момынға жапса жаланы,

Қулық, сұмдық табады (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

Демеймін: «Күш керексiз адамзатқа»,

Өнер, ой онан да артық мал мен баққа.

Өнердің жоқтығынан азып жүрмiз,

Нағыз бұл Арыстандай болмасақ та (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Айтқанын қылған ер азбас

Көпті көрген көненің (Базар жырау, Шығ.).

Алаштық алдын қара тұман жапқан,

Мынау орыс обыр ол еміп жатқан.

Заман азған шағында адам азбақ,

Көп ерлер жаумен бiрге елін шапқан,

Кешегi Абылайдан азып туған,

Уәли анау, қар қатынмен басы қатқан (М.Жұмабаев, Шығ.).

3.жерг. Ушығу, асқыну.

Қолындағы жарасы азып кетiптi (Қаз. тiлi. диал. сөздігі).