БӨЛУ

lat: BÓLÝ

Бөл етістігінің қимыл атауы.

1. Бір затты бөлшектеу, екіге я одан көпке жару.

1980 жылы дүние жүзі бойынша цеолиттің 1500 салада пайдаланылатыны тіркелген. Яғни өндірісте: қағаз дайындау, желім бұйымдарын толтыру, азық-түлік өнімдерін вакуумдік кептіру, ауадан азот пен оттегін бөлу, газды дендете құрғату («Жас Алаш»).

Қозғағыштар үшін бетоннан жасалған, бір жерден екінші жерге көшіріп жүруге болатын іргетастарды қолдану, бұрғылау мұнараларының құрылысын оңайлату Жезқазған кендерін бұрғылау жұмыстарын бұлжымайтын категорияларға бөлу, оларды мөлшерлеу ісін дифференциялау, осылар сияқты басқа да толып жатқан жаңа шараларды іске асыру геология-барлау ісінде жұмыс уақытын барынша толық және жақсы пайдалануға бірден-бір жол ашты (Қ.Сәтпаев, Қазақст.).

2. Ажырату, айыру.

Шабысты алмастырып желіспенен,

Намысты шыңдай берді жемісті өлең.

Алысты жақындатар жыр тасыды

Үш жүзге бөлуге елді беріспеген (К.Салықов, Жезкиік).

Дүниенің құпиясын кім білді!

Данышпан деп танисың ба дүмбілді?!

Не дер едің

Бөлу үшін халықтан

Қапас торға қамап қойса бұлбұлды?! (Қ.Мырзалиев, Мәңғі майдан).

Екі ауылды қойған кім жанастырып,

Бұдан асқан бола ма оғаш қылық.

Екі ауылдың іргесін бөлу үшін,

Жатыр өлі аяусыз талас жүріп (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Бұл адамдар меншікті қайта бөлуге ұмтылады. Олар өздерінің байлығын бақылаусыз еселей түскісі келеді («Егемен Қазақстан»).