lat: BÓLEÝ
зат.саят. Қыран құсты құндақтап алып жүретін бөлек ағаш.
Бұдан әрі Дәкең бізге облыстық тарихи өлкетану музейіне қамдаған қыран жабдығын да жайып салды. Олар: томаға (бас киім), тұғыр (бүркіт орындығы), балақбай, білезік, аяқбау, биялай (қолғап), құндақ, жеңсе (жең), балдақ (білекті тіреуіш), саптыаяқ (жем ыдысы), бөлеу (қанжыға бесігі), шырға (тері кеп), сояу (түйе жілігінен жасалған істік) - бұл күнде көбіміз көрмеген дүниелер екен (Ж.Бәлшенов, Білмейді құс қадірін.).
Ителгісіне талдан иіп жіберіп, бөлеу ағаш жасады. Дәл жүрерде соған жатқызып, орап бөледі де, арқасына іліп алды (С.Бегалин, Уақыт.).
Бүркітші бүркіт алатын аңдардың жатағын, өрісін, ізін білетін байқампаз да болады. Аңға шығарғанда бүркітшінің жанында аяқ бау, балақ бау, тұғыр балдақ, томаға саптыаяқ, биялай, жеңсе бұрау (түлкі бұрайтын айырбас шыбық), жем қалта, шыжым, пышақ, ине, тарамыс, бөлеу (бүркіт бесігі) сияқты дәнекер жабдықтары болады («Жетісу»).
Бүркітті бөлеуіне бөлеп алды,
Аяң-бұяң еткенше түн боп қалды,
Ел жатпай бір ауылға қонайын деп,
Шыңғыстың бөктерімен қайта салды (Шәкәрім, Өлеңд.).