lat: BÓLEK
үст. 1. Өз алдына, жеке; дара.
Біреуіне бұлақ керек, нұр керек.
Біреуіне қырат керек, құм керек.
Көлге біткен қурай үні бір бөлек,
Шөлге біткен қурай үні бір бөлек (С.Жиенбаев, Алтын қалам).
2. Оқшау, шеткері; оңаша.
Сөздер бар сөз ішінде балқыр жүрек,
Сағынам өз елімнен жүрсем бөлек.
Шарлаған жарты әлемді солдатпын ғой.
Қадірін сол күндерде білдім ерек (Ж.Молдағалиев, Жүрек.).
3. Басқа, бөтен, өзге.
Мұндағы ноғайлы деген сөзді қазақтан бөлек, басқа ел деп түсіну керек емес (Қ.Жұмалиев, Қаз. эпосы.).
Ол үңгірді тастады да, тағы шолды жан-жақты.
Таудың тағы аңдары да жоғалыпты зымзия,
Бұл өңірде одан бөлек тірі тұяқ қалмапты (М.Мақатаев, Шығ.).
- Алыңыз, жеңіз, - дегеннен бөлек көп ештеңе айтпайды (З.Асабаев, Ар соты).
Ағайыным тауысты
Қара аттан бөлек малымды.
«Сыртым бүтін, іш түтін»
Білмейді ешкім әлімді (Қамбар батыр).
4. Ерекше, айрықша, өзгеше
Ғайшаның бұрынғы көріп жүрген жігіттерінің бәрінен Қасым бөлек еді (М.Әуезов, Қараш.).
Ақ отауым тіккен жер майдан болсын,
Өткен күнге көңілім қайран болсын,
Дүниеге келуге себеп болған
Әкемдей бөлек ата қайдан болсын (Ә.Найманбаев, Шығ.).
Бұл жігіт ерен жігіт, бөлек жігіт,
Қызға да, қызыққа да керек жігіт.
Ешкім де бақ таппайды, білсін оны
Қапыста бұл жігітті, демек, жығып (Т.Молдағалиев, Шақырады көктем).
Нұрқат бөрікпен ұрып алатын жерде көрінбейді. Аяқ алысы бөлек (З.Шашкин, Сенім).