БӨЛШЕКТЕНУ

lat: BÓLSHEKTENÝ

Бөлшектен етістігінің қимыл атауы.

1. Бөліну, ыдырау, ұсақталу.

Жеке кристалдардың және кристалл құрамды минералдардың белгілі кристаллографиялық бағыттар бойынша жарылып б ө л ш е к т е н у қабілеті жымдастық деп аталады (К.Сапарбайұлы, Геология.).

Физикалық үгілу тау жыныстары мен минералдардың механикалық жолмен ірілі-ұсақты әртүрлі бөлшектерге бөлшектенуімен сипатталады (К.Сапарбайұлы, Геология.).

2. биол. <лат. fissio> Ұрықтанған бір жасушалы ағзаның (зигота) митоз арқылы бөлініп, көп жасушалы ұрыққа (бластула) айналуының эмбриондық кезеңі.

Жұмыртқаның ұрықтану және бөлшектену процесі жануарлар мен өсімдіктерде өте ұқсас болады (Жалпы биология).

Бөлшектену кезінде пайда болған клеткаларды бластомерлер деп атайды. Бөлшектенудің белгілі бір кезеңіне дейін бластомерлер саны көбейгенмен, зиготаның көлемі өзгер- мейді (Қаз. тілі термин. Биология).

Бөлшектену - ұрпақтанған жұмыртқа клеткасының (зиготаның) митоз жолымен үздіксіз бөлінуі. Бөлшектену - организмнің эмбрионалдық (ұрықтық) дамуының ең бастапқы және негізгі сатысы (ҚСЭ).

3. ауыс. Бөлектену, оқшаулану. Кенесары болса өзінің феодалдық-хандық бөлшектенуімен қазақ елін орыс халқынан ұзақ уақытқа бөлгелі тұр (І.Есенберлин, Қаһар).

4. ауыс. Жікке бөліну, бытырау. XIII ғасырдың алғашқы жартысы әр алуан этникалық, тілдік, нәсілдік элементтердің барынша бөлшектену, қосылу, ажырасу дәуірі болды (ҚазССР тарихы).