БҮКІЛӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМ

lat: BÚKİLÁLEMDİK EKONOMIKALYQ FORÝM

Давостық форум халықаралық үкіметтік емес ұйым. Штаб-пәтері Женева (Швейцария) қаласында орналасқан. Дәстүр бойынша Бүкіләлемдік Экономикалық Форум жыл сайын детте қаңтардың соңында ақпанның басында) швейцариялық таулы курорт Давоста (бейресми атауын осыдан алған) өткізіледі. 1971 ж. Швейцарияда еуропалық кәсіпкерлердің бейресми араласу клубы ретінде құрылған. Кейінірек қатысушылар географиясы мен олар талқылайтын мәселелер ауқымы да кеңейді. Күн тәртібінде тек Еуропаны ғана емес, басқа да аймақтарды қамтитын саяси және экономикалық мәселелермен қатар, әлемдік сауда және жаһандық экономика мәселелері, дамушы елдердің қарыздарын өтеу мәселелері қарастырылады. Бүкіләлемдік Экономикалық Форум басты мақсаты экономикалық және әлеуметтік даму мәселелерін шешуге әлемдік қауымдастыққа жәрдемдесу, әлемнің ғаламдық жағдайын жақсарту. Бүкіләлемдік Экономикалық Форум іскерлік, саяси, зияткерлік әріптестікті дамытуға септігін тигізеді және ғаламдық дамудың маңызды мәселелерін талқылауда әлемдік қауымдастықтың өзге де көшбасшыларымен әріптестікті көздейді. Оның жұмысына мемлекет және үкімет басшылары, әлемдік бизнес көшбасшылары, көрнекті ғалымдар, экономистер мен саясаттанушылар қатысады. Бұдан езге Бүкіләлемдік Экономикалық Форум жыл сайын әлемнің әр елдерінде аймақтық және ұлттық саммиттер өткізеді. Бүкіләлемдік Экономикалық Форумның негізін қалаушы әрі президенті К. Шваб; 2003 ж. оны германдық «Бертельсманн» ірі медиаконцернінің басқарушысы Т. Миддельхофф алмастырды.