БҮРКІТ

lat: BÚRKİT

қолға үйретіліп, аңшылық кәсіпке баулынған қыран құстың түрі. Сұңқар мен қаршыға сияқты тектестеріне қарағанда бүркіттің дене тұрқы ірі, бітімі кесек келеді. Бүркіттің қасқыр, түлкі, арқар, киік сияқты ірі аңдарға түсе алатын қабілеті оның басты ерекшелігі болып табылады. Бүркіттің қырағылығы айырықша. Ол аспанда қалықтап жүріп бір-екі шақырым биіктіктен жердегі саршұнақты айқын көреді. Бүркіт мекеншіл құс.                                                                                                                                                                                                                     Тоят іздеп жүздеген шақырым жерге кеткен бүркіт ұя басқан жеріне қайта соғып отырады. Бүркіт ұясын адам аяғы жете алмайтын жалаң құз жартастарға, сырғыма шағылдарға, қарағай, тоғайлы өңірге, су жайылмасы, сексеуілді жер-лерге салады. Бүркіт жылына бір түлейді, әр түлегені бір жасқа саналады. 30-50 жыл, тіпті, одан да ұзақ жасайды. Жасы баршындаған (ұлғайған) сайын қайраты қайтып, әлсірей бастайды. «Қырық түлеген бүркіттей жемба-сардан айырылды», деген (Н.Наушабаев) өлең жолдары осыны аңғартады.