lat: BÝSAN
ет. 1. Аздап жіпсу, жеңіл ғана терлеу.
Шөгел отырар-отырмастан тымағын шешіп, бусанған тақыр басын орамалымен сүртті де, топысын киді (Ғ.Мұстафин, Дауыл.).
Біраз қозғалмай тұрған соң-ақ бусанған дене мұздай түсті (Т.Жанкелдин, Партизан.).
Бірақ денесі жіпсіп бусанған, табаны қызып желіккен жүйріктер шабысын бірте-бірте үдете түсті (С.Бақбергенов, Қайран шешем).
2. Күн жылыну, жердің қары кетіп, тоңы ери бастау.
Қар кеткеннен кейінгі бусанған қара жер жібек желек жамылған сұлу келіншекше жасарған (С.Сейфуллин, Әңгім.).
Қыс бойы қар жамылып тоңазып жатқан қоңыр далаға өң кірген. Жер беті бусанып, буалдырланады (С.Алдабергенов, Өмір.).
Жол да тып-тыныш, күн көзіне бусанып, қалың шықтан бу көтеріліп жатыр (Қ.Ысқақов, Бұқтұрма.).