БУЫН

lat: BÝYN

зат.1.лингв. Дыбысталған сөзде біртұтас айтылым кешені ретінде жеке дауысты не болмаса дауысты мен дауыссыз дыбыстардың тіркесімен құралатын сөз ағымының дыбыстан үлкен фонетика-фонологиялық бірлігі.

Буын болу үшін оның құрамында дауысты дыбыс болуға тиіс және оның саны біреуден артық болмауға тиіс (Қаз. грамм.).

Осы кезде оқушыны тек дыбыстарды ажыратуға ғана үйретіп қоймай, оларды буынмен оқып жаттықтыруға ерекше мән беріледі (М.Мұқанов, Пед.очерк.).

Байырғы қазақ сөздерінің буын бір ғана дауыссыздан басталады, буын соңында үнді мен қатаң дауыссыз қатар тұра алады (ҚСЭ).

2. әдеб. Өлең жолдарындағы дауысты мен дауыссыздың немесе бір дауыстының қарқынмен, кілт үзіліп айтылған тізбегі.

Оның өлеңдерінің буыны кейде артық кетіп, кейде кем қалып отырады (Б.Кенжебаев, Қаз. дем. жазушы.).

Қазақ поэзиясында өлең ырғағының тірегі -буын, яғни ырғақ буын санымен өлшенеді (З.Ахметов, Өлең сөз).

Буын силлабикадан басқа жүйедегі өлең құрылысында да ескеріледі (З.Ахметов, Өлең сөз.).