БУЫНДЫР

lat: BÝYNDYR

ет. 1. Жіппен, белбеумен қысып байлау.

Қақаған аязда баласының белін мықтап буындырып, жолға шығарды .Майлин, Шығ.).

2. Тамақтан алып қысу, тыныс алдырмау, қылғындыру.

- Жағамнан алып буындырып жатқанда, жаның ашығаны сол ма? Мені тірідей көмген жерің осы болды! - деп салды .Әбілев, Арман.).

Сонан әрі қарсыласуға, ес жинауға шамасын келтірмей, күндесін дәл алқымынан қыл шылбырмен буындырып сығып алды да, иыққа салып сүйрей жөнелді .Нұрпейісов, Сергелдең).

3. ауыс. Бір нәрсені (ойды, сезімді т.б.) тежеу, тоқтату, шығармау .

Қыл тұзақпен буындырып зорға ұстап отырған жат ел, жат жерде қауіп пен қатердің қайдан келедісі бар ма!.Кекілбаев, Дала.).

Күдік, мені оңашада кемірме.

Кірлетпедім ақ көңілді көмірге.

Өз қолыммен буындырып өлтірдім,

Залым ойды келмей жатып өмірге.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

4. ауыс. Булықтыру, қысу.

Болатов өзін-өзі буындырған күлкісін басу үшін: - Барлық қаруды дереу бірінші взводтың командиріне табыс ет, - деді.Қайсенов, Жау тылы.).