Ұрықтанған жұмыртқаның митоз жолымен бірнеше рет бөлінуі. Бөлшектену барысында жұмыртқаның көлемі өспей, майда бластомерлерге бөліне береді. Бөлшектену бластуланың құрылуына əкеп соқтырады. Барлық көпклеткалы жануарлар онтогенезіндегі міндетті кезең. Аталық жəне аналық пронуклеустердің жақындасуынан кейін басталып, бөлшектенудің бірінші бөліну кезеңінде олардың хромосомалары бірігеді. Кейбір жануарларда бөлшектену аталық пронуклеустердің қатысуынсыз жұмыртқа активациясынан кейін өтеді. Кей жағдайда ұрықтанған жұмыртқа тыныштық күйде болады. Бөлшектену кезеңінде бластомерлердің көбеюі өте жылдам жүреді, əрбір бөлінуден кейін олардың көлемі екі есе кішірейіп отырады, бұл кезде ядродағы ДНҚ-ң мөлшерінің қатынасы цитоплазма көлеміне сай екі есеге артады, ал бөлшектенудің соңында қалпына келеді. Бөлшектену кезеңінде ұлпалар мен мүшелерді қалыптастыратын материал түзілу үшін клеткалардың саны бірнеше жүзге немесе мыңға жетеді. Бөлшектенудің соңында ұрық бластула кезеңіне жетеді. Бөлшектенуге жұмыртқадағы сарыуыздың саны мен таралуы əсер етеді. Цитоплазмада сарыуыздың аз, біртекті таралуынан (көптеген алғашқыауыздылардың, тікентерілердің, бассыздардың, жоғары сатыдағы сүтқоректілердің гомолецитальді жұмыртқалары) толық бірдей бөлінеді. Сарыуыздың жиі біртекті таралмауы анимальді-вегетативті градиент түзеді (кейбір буынаяқтылардың, моллюскалардың, балықтардың, қосмекенділердің, бауырмен жорғалаушылардың, құстардың, төменгі сатыдағы сүтқоректілердің телолецитальді жұмыртқаларында) немесе цитоплазманың жоғарғы жіңішке қабатынан басқа, жұмыртқаны түгел алып жатады (буынаяқтылардың центролецитальді жұмыртқалары). Сарыуызы көбірек орналасқан аймақ бөлшектену процесінде ірі бластомерлерге бөлінеді немесе мүлде бөлінбейді (толық емес бөлшектену). Толық бөлінген жұмыртқа голобластикалық (гомолецитальді жұмыртқа жəне телолецитальді жұмыртқаның бір бөлігі), толық емес бөлінген – меробластикалық (телолецитальді жұмыртқаның сарыуызы көп бөлігі жəне центролецитальді жұмыртқа) деп аталады. Телолецитальді меробластикалық жұмыртқада тек сарыуызы аз анимальді бөлігі 2, 4, 8 т.б. бластомерлерге бөлініп, бөлінбеген беткі бетінде диск тəрізді клеткалардың жиынтығы түзіледі (дискоидальді бөліну). Центролецитальді жұмыртқада біртіндеп бөліну жұмыртқаның орталығында орналасқан ядроның бірнеше синхронды бөлінуінен басталады, сосын түзілген ядро айналасындағы цитоплазмамен бірге цитоплазманың беткі қабатындағы цитоплазмалық көпіршемен араласып клетка қабатын – бластодерманы түзеді, жұмыртқаның орталық аймағында сарыуызы таралмаған жекелеген клеткалар – вителлофагтар болады (беттік бөліну). Бөлшектену процесінде əдетте клетка ядросында барлық генетикалық ақпараттар толық сақталынады, бірақ олардың өзара əсерін əртүрлі бластомерлерде цитоплазмадан сапалы ажырату осы ақпараттың дифференциалды таралуына жағдай туғызады. Нəтижесінде бөлшектену ұрық құрылысының жалпы жоспары негізінде қалыптасады. Бөлшектену кезеңінің басты ерекшелігі – дамуда цитоплазманың басты рөл атқаруында. Ол бөліну қарқынын жəне белок синтезінің жылдамдығын анықтайды. Бөлшектену кезеңі екі кезең астына бөлінеді: біріншісі – бөлшектенудің синхронды бөлінуі, екіншісі – бластулалану. Сүтқоректілерде синхронды бөліну болмайды.