1905 – 1917 жж. арасында өткізілген съездер. Бірінші съезд 1905 ж. тамызда Нижний Новгород қаласында өткен. Оған Түркістан өлкесінен, Сібірден, Қазақстаннан, Кавказдан, Қырымнан 150-ге жуық делегат қатысқан. Съезде Ресейдегі мұсылман халықтары өмірінің өзекті мәселелері талқыланды. Бұл тұңғыш съезд Ресей үкіметі рұқсат бермегендіктен жасырын түрде кемеде өткізілді. Съезге И.Гаспаринский төрағалық етті. Екінші съезд 1906 ж. қаңтар айында Санкт-Петербург қаласында өтті. Оған У.Танашев, Ш.Қосшығұлұлы т.б. қазақтар қатысты. Съезде «Ресей мұсылмандарының одағы» (Итти-фах ул-муслимин) құрылды. Ұйымның жарғысы қабылданды. Жарғы бойынша 16 қалада, соның ішінде Оралда, Семейде, Верныйда ұйымның бөлімшелері құрылатын болды. Бұл жиында Мемлекеттік думаға сайлау, «Конституциялық-демократиялық партиямен» сайлау кезіндегі ынтымақтастық т.б. мәселелер қарастырылды. Үшінші съезд 1906 ж. 10 – 21 тамызда Нижний Новгородта өтті. Оған Ш.Қосшығұлұлы, С.Жантөрин, Ж.Алдоңғаров т.б. қазақ зиялылары қатысты. Съезде мұсылман балаларының араб графикасының негізінде ана тілінде оқыту, мұсылмандардың бірлігі, Түркістанда жеке мүфтилік ашу, саяси мәселелер көтерілді. Съезде «Ресей мұсылмандарының одағы» ұйымының бағдарламасы қабылданды және оның 15 адамнан тұратын Орталық комитеті сайланды. Оған Қазақстаннан С.Жантөрин, Ш.Қосшығұлұлы кірді. Мұсылмандардың келесі съезі 1914 ж. 15 – 20 маусымда Санкт-Петербургте ІҮ Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен өткізілді. Оған Ә.Бөкейхан, Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин т.б. қатысты. Съезде «Ресей мұсылмандарының діни істері» туралы заң жобасы дайындалды. Келесі съезд 1917 ж. 1 – 11 мамырда Мәскеуде өткізілді. Съезге Ж.Досмұхамедұлы, У.Танашев, М.Жұмабаев т.б. қатысты. Осы съезде Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі – Шура-и ислам құрылды.