Билер кеңесі

lat: Bıler keńesi

дәстүрлі қазақ қоғамында өкілетті негізде қызмет атқарған ең жоғарғы кеңесші орган. Руаралық, тайпааралық, тіпті ұлысаралық шиеленіскен дауларды шешуге шақырылатын бірнеше билерден тұратын билер құрамы. Билер сотын үш сатыға бөледі. Біріншісі, жеке би немесе ауыл ақсақалының билігі, екіншісі, бір немесе екі би, кейде 1-6 дейінгі ауыл ақсақалдар билігі, үшіншісі – ең беделі жоғары сатысы, құрамы 6-дан 24 биге дейін жеткен билер кеңесі. Билер кеңесі дауды шешуге кіріспес бұрын араларынан даудың соңғы нүктесін қойып, шешімін айтатын төбе би сайлаған.                                                                                                                                                                                                                                                                         Билер үлкен дауда өз руы немесе тайпасының атынан түскен сөз ұстаушы би, ол жақтаушы немесе айыптаушы, сонымен қатар тергеуші міндетін де атқара береді. Билер үкімін жақтаушы да, қабылдаушы да, сынаушы да халық. Себебі қандай дау болмасын халық алдында ашық өтеді. Көпшілік қауым билер шығарған үкімнің орындалуына «кепіл» болған. Билер кеңесі жылдың бір мезгілінде, әдетте, ел жайлауға көшіп болған соң өткізілген. Оңтүстікте Сайрам маңындағы Мәртөбеге, Сырдариядағы Күлтөбеге не Түркістан жанындағы Битөбеге шақырылған. Кеңеске хан, сұлтандар, үш жүздің елге сыйлы, әділдігімен аты шыққан билері, батырлары қатысқан. Жауапкердің билер сотына келмей қалуы оның туысқандары үшін әбес іс болып саналатындықтан, жауапты адамның бас тартуына болмайды. Кейде дауға түсетін әрбір тарап өз биімен немесе мүддесін қорғай алатын бірнеше бимен қатысады, сырттан кездейсоқ келіп бір тарапты жақтауға рұқсат етілмейді.                                                                                                                                                                         Ұлттық тұтастыққа іріткі саларлық ірі жанжалдар, руаралық жер дауы, жесір дауы өршіген, ел шетіне жау тиіп, соғыс қаупі төнген кезде, көрші елдермен байланыс жасап, түрлі қарым-қатынас орнатар шақта билер кеңесі шақырылған. Билер кеңесінің шешімдерін ешкім бұза алмаған, хан да, қара да оны орындауға міндетті болған. Билер кеңесінің шешімдері хан беделінен жоғары қойылғанымен, орталықтандырылған билік пен басқару ісіне қайшы келмеген. Кеңесте мәселелерді шешкен кезде «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген моральдық принципін ұстанған. Бұл қағидат бойынша қара бастың, ағайын-туыс пен аталастың, рудың намысын гөрі ел (ұлт) мұратын, мүддесін қорғау жоғары тұрған.                    Ресей билігінің қазақтар арасына кең таралуы осы құрылымды әлсіретті. 1869 жылы лауазымды тұлғаларды сайлау жүйесінің енгізілуіне байланысты лауазымды қызметке, билікке дәулетті адамдар ұмтыла бастады. Олар сайлау алдында қомақты қаржы жұмсап, билікке қол жеткізген жағдайда көп кешікпей орынын толтырып алу жағын іздестірген. Қаржы көбінесе тарту-таралғы алуға, билік иесіне жұмсалған.                                                                                                                                                                                                                                Тайпалар, рулар арасындағы дау-жанжал, талас-тартыстың жиілеуі әр болыстықта билер қызметінің болуын талап етті. Реформа бойынша қазақ қоғамының билер институты Ресей әкімшілік жүйесінің түпкілікті орналасуынан кейін ру сотының төрағасы ролін ғана атқарып қалды. Билер 25 жасқа жаңа толған азаматтан 3 жылға сайланып қойылды. Ал, Жетісу облысында цензорлық жағдайға байланысты биге 35 жасқа толғаннан кейін ғана тағайындалды. 1865 жылы қабылданған «Түркістан өлкесін басқарудың уақытша ережесі» билер сотының қарауынан кісі өлтіру мен барымтаны алып, оларды қарауды губернаторлық билікке берген болатын. Ал, 1868 жылғы 21 қазанда қабылданған «Далалық облыстарды басқару туралы Ереже» қабылданғаннан кейін би атағы уақытша, тек қызметтік лауазымды атқару барысында ғана берілетін болды. Ереже бойынша ауылдың билері құны 100 сом көлеміндегі ұрлық істерді, болыстық билер құны 1000 сом болатын ұрлық істерді, төтенше билер съезі құны 1000 сомнан асатын ұрлық істерін қарады. Ереженің 203-бабы бойынша азаматтық істе халық сотының шешіміне қанағаттанбаған азамат уездік басқармаға шағынуға құқықты болды. Билер съезі, билердің төтенше съезі уездік басқарманың шешімімен бекітілді. ХІХ ғ.-дың аяғында билер құқығының заң жүзінде шектелуін кейбір болыстардың пайдаланатындықтарынан билер қарайтын істі болыс қарап, билік (бидің пайдасына шешілетін құнның оннан бір бөлігі) пен айыппұлды (штраф) өз пайдаларына шешіп отырған кезі болған. 1891 ж. 25 наурызда қабылданған «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже» қазақ даласында Ресей патшалығының отаршылдық саясатын түбегейлі жүзеге асырып, дәстүрлі потестарлы билік жүйесін толық істен шығарды. Осы ереже негізінде қазақ даласында Билер қызметі тарих сахнасынан мүлдем жойылды.