БАУЫР

lat: BAÝYR

з а т. 1. Бірге туған қандас, ағайындас, туысқан адамдар.


Білмесеңдер, бұл қырғын тауып жатқан біздің қазақ-қырғыз деген бірге туған бауырымыз («Абай»).

Бұл өткен қырық-елу жылды көзінен кешірген қазақ бауырларымыз аз фәһім жіберсе, бұл сөзді аңғарар (М.Дулатов, Шығ.).

Сөлем бермей туысқа, бауырға да,

Адырға да бара алмай, ауылға да,

Аяқ басар жер қалмай сансыратып,

Қатты батты өткен қыс қабырғама (М.Мақатаев, Шығ.).

2. Бір әкеден туған ағайынды адамдар. Інісінің қай қылығын да қыңқ етпей көтеретін, маңдайыма бауыр қып сені жазған Қүдайға мен ризамын деп, шексіз кеңдік танытқан Шөкеңдей басқа ағаны мен әлі көрген де емеспін, естіген де емеспін («Жас Алаш»).

3. Әйел адамның кіші інісі. Мамам қайда? - деген сұрауына әйелі:

- Балқаштағы бауыры келген еді, сол ертіп кетті, - деп жауап берген (Қ.Жұмаділов, Қаздар.).

Бауырыңыз келіп, көзайым болып жатырсыз ба? (Ә.Нұршайықов, Махабб.).

4. Жамағайын, жақын адам, туысқан.

Ағайын, бауыр, туысқан,

Азғана топпен біз қалдық.

Арамыз азып суысқан,

Абыройыңды сенің қызғандық (Ғ.Қайырбеков, Дала).

Бас жағы Бозжорғаның толған ауыл,

Аспаннан жаңбыр жауды, соғып дауыл.

Ол кезде менен артық әлгі түйе,

Жанашыр іздеп келер қайда бауыр (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).