lat: BAI
дәстүрлі қазақ қоғамындағы дәулетті әлеуметтік жік өкілі, қоғамда айтарлықтай орны бар, төрт түлік мал жиған, жеке меншіктің, ауқатты шаруашылықтың иесі, әрі ұйымдастырушысы. Б.-лар шаруашылығында мал отарының көлеміне қарай түйеші, жылқышы, бақташы, шопан сияқты малшылар қызмет еткен. Мал иесі малшыға тамағы мен киімін беріп, ақысын малмен өтеген. Б.-дың үйі қой сойған жағдайда мойын еті мен қабырғасынан қойшыға сыбаға қалдырған. Малшылардың әйелдері Б. үйінің шаруашылығына көмектессе, бала-шағасы қозы бағу сияқты шаруаларға араласқан. «Бай» ұғымы ауқатты адамдарға байланысты қолданылды. Барлық шаруашылық байдың қолында болды. Б. шаруашылықты өзінің мол тәжірибесіне сүйеніп, маңайындағы басқа ауыл ақсақалдарымен кеңесе отырып жүргізді. Дау-дамай, соғыс- қақтығыс кезінде қолдау табу мақсатында маңайына туған-туыстарын жинауға тырысқан. Б.-лардың қоғамдағы орны көшпенді мал шаруашылығының көлеміне, оны жүргізу шеберлігіне қарай анықталды. Көш кезінде бірнеше қазақ ауылы бірігіп, үлкен бір қауымды құраған. Б. сол қауымның шаруашылық көші-қонын ұйымдастырып, жайылым орындарын реттеп, ауыл көшін бастап отырды және қауымдық шаруашылыққа басшылық жасай отырып, ауылдағы өндіріс тетігін, ауыл билігінің тізгінін өз қолында ұстады. Б.-лардың әлеуеті олардың тұрмыс-тіршілігінен де көрінеді. Б.-дың киіз үйі де өзгелерден ерекше болып, үй жиһаздары сүйек, күміспен әшекейленген. Б.-лар дәстүрлі қазақ қоғамында қазақ даласының өзіндік элитасын, зиялы қауымын қалыптастырды. Қазақ даласындағы дәстүрлі құрылымды басқаруда ерекше рөл атқарып, қазақ даласында мектеп-медреселер ашуға, қазақ- зиялыларына «Қазақ», «Айқап» сияқты газет-журналдар шығаруға қаржылай көмек көрсетіп, демеушілік жасап, қазақ мәдениетінің дамуына қолдау көрсетіп отырған. Мысалы, Абайдың әкесі Құнанбай Меккеге қажылыққа барған сапарында қажылыққа барған қазақтар тоқтайтын такия (қонақүй) салдырған. ХІХ ғ.-дың ІІ жартысында Жетісудағы Маман бай, Батыс өлкедегі Мақан, Аппаз, Мырқы, Ырғыздағы Қуан бай, Арқадағы Қорамса, Хасен, Ахмет, шығыстағы Әбдікерім, Ұлтарақ байлар қазақтың рухани өрістеуіне зор үлестерін қосып, халық үшін игі істер жасаған. Қажылық сапарға барып, қазақ даласында мешіт салдырып, ислам дінінің кеңінен қанат жаюына атсалысқан. Меншігіндегі малының санына және құрамына байланысты байлар шіріген бай (мыңғырған ақтылы қой, есепсіз алалы жылқы айдаған, яғни дәулеті асып-тасыған), дәулетті немесе ауқатты бай (шамамен 1-3 мыңға дейін қойы, мыңға тарта жылқысы бар), орташа бай (500 ден мыңға дейін қой, жүздеген жылқы айдаған) сияқты категорияларға бөлінді. Алайда байларды осындай әлеуметтік категорияларға жіктеу әсіресе ХІХ ғ. екінші жартысы, яғни орыс отаршылдығының қазақ даласына дендеп енген кезеңі үшін тым шартты. Себебі жері тарылған, малы кеміген осы кезеңде қазақ байларының санының күрт азаюы өз алдына, олардың бұрынғыдай ең шіріген дегендерінің өздеріндегі байлықтың символдары болып есептелінген жылқы мен қойдың басы бұрынғы орташа байдың меншігіндегі мал басының санына шамалас болып қалды. ХХ ғ. 30-жылдарында жан-жақты жүргізілген «кеңестік қызыл қырғын» кезінде қазақ байлары жаппай қудалауға ұшырып, жекеменшігіндегі малдан айырылып, жер аударылып, қатты күйзеліске түсті. Осының салдарынан ғасырлар бойына қалыптасқан дәстүрлі құрылымның іргесі сөгіліп, қазақ шаруашылығын ұйымдастыруды жетік меңгерген басшы қазақтар күшпен жойылды. Қазақ Б.-ларының бірсыпырасы бас сауғалап, өз атамекендерінен ауа көшті. Б.-лардың қазақ қоғамындағы әлеуметтік топ ретіндегі мәні өзгеріске ұшырап, қазақ даласындағы шаруашылық құлдырауға түсіп, соның салдарынан дәстүрлі мал шаруашылығы қатты орасан зор шығынға ұшырады. Көшпелі шаруашылықтың дәстүрлі ырғағы түбегейлі бұзылды. Қазақ жерінде аштық жайлауының да бір себебі осыған байланысты. Кеңестік саясат қазақ Б.-ларының байырғы қазақ қоғамындағы ел экономикасының негізгі базасын қалыптастырушы ретіндегі қызметіне қанаушы тап деген теріс көзқарас қалыптастырған еді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңаша көзқарастағы тарихи соны пайымдаулар Б. ұғымының ежелгі сипатын тануды қайта қалыптастырды.