БАЙРАҚ

lat: BAIRAQ

ағаш сапқа, аттың басына, қару-жараққа, тағы басқа заттарға тағылатын арнайы айыру белгі. Бұл арнайы рәміздік белгінің түркі тілдеріндегі «байрақ» «мунджук» («мунчук», «бунчук») атауларында оның қолданылу ерекшелігі – байлануы, аттың мойынына тағылу әдісі көрініс тапқан. Типологиялық тұрғыдан алғанда Б. құдайлық, патшалық және әскербасылық билік атрибуты, дәреже және лауазым белгісі, әскери рәміз және тұрмыстық жағдайда қолданылатын арнайы айыру белгі сияқты бірнеше түрлерге бөлінеді. Арнайы айыру белгі ретінде Б. көшпелі халықтарда б.з. дейінгі I-мыңжылдықта қолданыла бастады. Б. жібектен немесе аттың, қодастың құйрығының қылынан жасалған шашақ, қабыланның (барыстың) құйрығы және түсті матадан тігілген бау түрінде жасалып, ағаш сапқа немесе найзаның басына жеке немесе қосарланып тағылды. Белгінің қосарлануы Б. дәрежесінің жоғарылығын білдірді. Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің үлкен қазандық бөлмесінде кезінде осындай қос белгі – шашақ және мата бау тағылған тоғыз қазақ байрағы сақтаулы болатын. Қыл, жібек шашақ, мата бау түріндегі Б.-тар тудың дәрежесінің жоғарылығын білдіретін белгілер ретінде әскери тудың басына да тағылып, тудың бір құрамдас элементі ретінде де қолданылды. Б. элементтерінің саны кейде өте көп те болуы мүмкін. Мысалы, жазба деректерде Шыңғыс ханның тоғыз құйрықты байрағы айтылады. Айыру белгісі болғандықтан Б.-та шашақ пен мата баудың түсі де маңызды болды, көзге бірден көріну үшін әдетте байрақта шаңқай қызыл, ақ, қара жасыл, көк, сары түсте пайдаланылды.                                                                                                      Әскери билік, лауазым, дәреже белгісі болған Б.-тардың бастары киелі символдармен, бейнелермен әшекейленді. Археологиялық материалдарда табылған сақ, скифтердің әскери көсемдерінің Б.-тарының бастарында тотемдік жануарлар мүсіндері, ғұн-сармат Б.-тарында айдаһар бастары бейнеленсе, түркілердің Б.-тарында олардың мифтік ата тегі саналатын бөрінің басы орнатылды. Орта ғасырда мұсылман дінін қабылдауымен түркі халықтарының, оның ішінде қазақтардың да әскери Б.- тарының бастарында исламдық рәміз – жарты ай бейнесі салынып, Алла есімі, Құранның аяттары жазыла бастады. Бірақ көне дәстүрден келе жатқан айдаһар бастарының бейнелері де сақталды. Түркі халықтарының әскери ұйымдарында ағаш сапқа, немесе найза басына тағылған Б. әдетте әскер қосындарындағы ондық, жүздік бөліктерінің әскери белгісі болды. Осы әскери бірліктерді басқаруға әскербасылық қызметке тағайындалған батырларға, әскербасыларға лауазым белгісі, әскери билік белгісі ретінде Б. тапсырылған. Шайқаста әскерді басқару барысында әскербасы Б.-ты түрліше қозғау – сілтеу, айналдыру, бұлғау арқылы әскерге түрлі дыбыссыз сигналдар беру үшін де пайдаланды.                                                                                                                Қазақтарда жауынгерлік Б. арнайы әскери рәміз ретінде XIX ғ.-дың аяғына дейін қолданылып келді. Фольклорлық деректер қазақтың кейбір руларының Б.-тарының бастарында түркілерге тән бөрінің басы да бейнеленгенін куәләйді. Мысалы, халық ақындарының туындыларында Ұлы жүз ішіндегі Шапырашты руының «бөрілі байрағы» айтылады. Рулық Б.-тар рудың айыру белгісі ғана емес, ру мүшелерінің бірлігінің, тұтастығының да символы болды. Әскербасы болып, Б. иеленген қазақ батырларының ұрпақтарында олардың Б.-тарының жұрнақтары киелі мүлік ретінде бүгін де сақтаулы. Б. көшпелі түркі-монғол халықтарында тумен бірге, хандық биліктің, мемлекеттік биліктің белгілерінің де бірі болды. Хан жүрген жерде ресми рәміз ретінде оның алдында ханның дәрежелік атрибуттарын – Б.-тары мен туларын алып жүрген. Әдетте салтанатты рәсімдерде, шеруде, жорықта мемлекеттік, хандық, әскербасылық билік белгілері болған Б.-тарды ұстап жүруге арнайы адам – «байрақшы» («байрақдар») тағайындалған.                                                                                                              Көшпелі түркі-монғол халықтарының көне және ортағасырлық өнер ескерткіштерінде Б. құдайлардың, тәңірлердің атрибуттары ретінде де бейнеленеді. Киелі атрибут ретінде Б. олардың патшалық және әскери билігін белгіледі. Хандық немесе әскербасылық статусқа ие болған адам Б.-ты дәреже белгісі ретінде өзінің атының мойынына, қаруына, киіміне де таққан. Даму барысында әскери билік, әскери лауазымның айыру белгісі кейін тек киімде, әскери униформада ғана көрсетілуіне байланысты, XIX ғасырдан бастап ағаш сапқа тағылған жауынгерлік Б. әскери қолданыстан шығып кетті.                                                                                                                                                                                                                                      Б.-тың ғұрыптық және шаруашылық мақсатта қолданылғандығының мысалы ретінде қазақтардың түрлі тойларда өткізілетін бәйгенің мәрелерін, әртүрлі мақсаттарда иелікке бөлінген жерлердің межелерін Б.-пен белгілеуін атауға болады. Қазақ тілінде «байрақты батыр», «байрақты жер» сөз тіркестері бүгінде де «ерекше белгі иеленген адам», «ерекше белгіленген жер» деген ұғымды бейнелейді.