БАЖ

lat: BAJ

мемлекеттің жерін, өріс-жайылымын пайдаланғаны үшін төлейтін алымның байырғы түрі. Ерте кезеңде сауда керуендері бағыт алған жеріне жету үшін қазақ жерін басып, көпірін, жолын пайдаланып отырған. Соған орай саудагерлер, көпестер қазақ иеліктерінен өтерде елдің қазынасына тиісті баж салығын төлеген. Алым алған иелік керуенді шөлді аймақтар мен өткелдерден өткізіп, жүктерінің талан-таражға ұшырамауын, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мойнына алып, керуенге жол көрсетіп қызмет еткен. С.И. Руденконың дерегінде қазақ жерінің шығысын қоныстанған керейлер Қытай жеріне мал отарлатуға барып, жайылымын пайдаланғаны үшін төлеміне мың малдан он қой немесе бір жылқыны баж салығы ретінде Қытай өкіметіне беріп отырғандығы айтылады.