lat: BAL ASHÝ
қазақы ортада тіршіліктің сан қырларына, адам болмысы мен тағдырына т.б. алдағы уақытта қалай болатындығына жорамал жасау, болжау. Бал ашумен ертеде көріпкел, әулие-әнбие, балшы, құмалақшы, жауырыншы сияқты ерекше қасиетке ие деп танылған адамдар айналысқан. Б. а.-шылар құмалақ салып, жауырынға қарап, сондай-ақ қасиетті діни және жұлдызнама кітаптарының көмегімен бал ашқан. Кейбір балшылар адамның тамырын ұстап сәуегейлік жасаған. Байырғы кезде бал ашатын жауырыншылар, балгерлік қасиетке ие сынықшылар Б. а.-ға қолданатын жауырынды тіс тигізбей мүжіп тазалап, арнайы қалтаға салып керегенің басына іліп қойған немесе сандықта сақтаған. Мұндай жаурындар атадан балаға беріліп отырады, яғни мұндай балгерліктің мұрагерлік сипаты болған. Әулие-әнбиелер ел басына төнер нәубет пен алда болар қауіп-қатерді, ауыртпалықтар мен қиындықтарды Жаратушыдан берілер аян арқылы болжап біліп, жұртты алдын ала сақтандырып, мал-жанның орасан зор шығын шекпеуіне ықпалын тигізіп отырған. Осындай болжампаздық қасиетке ие бейнелер халық ауыз әдебиетінің үлгілерінде кең көрініс тапқан. Әулие-әнбиелер арнайы Б. а.-ды кәсіп етпеген. Қазақтар арасында кең тараған құмалақ ашуда құмалақ саны «қырық бір» болу керек. Егер құмалақ саны одан көп не аз болса, «құмалақ ақ сөйлемейді» деген сенім де болған. Шартты түрде құмалақ деп аталғанымен, Б. а.-ға бадам дәні немесе таудың адам аяғы баспаған таза жерінен не өзеннен терілген тарғыл, ақшыл түсті, үлкендігі бұршақ дәніндей тастар да таңдап алынған. Құмалақтар таза жерде сақталады, ақ шүберекке түйілген құмалақтарды бал ашарда да таза мата үстіне шашып, тастардың түсу қалпына қарай болжау айтылады. Байырғы кезде құмалақшылар құмалақ ашар алдында мынадай жыр бастайды екен: Қырық бір шөптің басы едің, Пайғамбар ашқан бал едің. Алла қабыл ете гөр, Куәсі боп ақ сөздің. Хабарын бер нақ сөздің, Уа, жаратқан, Хақ ием – Пендеңді өзің кешіргін! Балгерлер құмалақ ашу арқылы адамның болашақ өмірін болжаған. Жоғалған заттың қайда екенін, қалай жоғалғанын және қолды болса, ұрының кім екенін дәл сипаттайтын балгерлер болған. Осындай болжамдар арқылы тіпті, баукеспелердің тұрағы анықталады екен. Дәстүрлі ортада мұндай баукеспелер өтемақы өтейді немесе ауыл ақсақалдары қамшымен дүре соғуды бұйырады, кейде елден аластатылады. Бал аштырған адам балгерге арнайы төлем – балбасын береді.