БАЛЫҚ

lat: BALYQ

суда тіршілік етеді. Адамзат Б. аулау ісімен ерте кезеңдердің өзінде-ақ айналысып, Б. етін азық ретінде пайдаланған, кейін тіршіліктің негізгі көздерінің біріне айналды, яғни Б. аулау кәсіпшілік ретінде қалыптасты. Б. аулау ісі қазақ қоғамында өзен мен көл маңайында ежелден-ақ жақсы дамыған. Б. етін асып, қуырып, отқа қақтап, кептіріп ыстау және т.б. жолдармен өңдеп әртүрлі тағам жасаған. Б.-тың тіршіліктің көзі ретіндегі азықтық маңызымен қатар, оның ем-дәрулік қасиеттері де бар. Сонымен қатар дәстүрлі ортада балықпен байланысты наным-сенім, осыған орай ғұрыптар мен жосын-жоралғылар қалыптасты. Б. сорпасы – дәмді астардың бірі. Қуырдағы, уылдырығы, қармасы байырғы ортаның қалаулы тамағы. Қақталған, тұздалған әрі кепкен Б.-тар да жеңсік астың қатарына жатады. Кейбір Б.-тардың уылдырықтары, қара уылдырығы, қызыл уылдырығы аса қымбат бағаланады.                                Б. өнімдерін тұтынатын қазақ қауымы шортан, сазан сияқты етті, ірі Б.-тарды асып, нан салып, кәдімгі ет түрінде пісіреді. Қабықсыз, жылан тәріздес Б.-тарды бұрынғы қазақ жемеген. Шырышсыз Б.-тарды жеуге жарамайды деп санайды. «Балық жеген тоқ болады, әл- дәрмені жоқ болады» деген оралым Б. етінің кенеуінің аз болғандығына байланысты айтылған. «Балықтың батасы жоқ, иттің атасы жоқ» дегендей Б.-тан жасалған асқа бата жасалмайды. Тек бас сүйегі болғандықтан, сазанның ғана басына Қазақстанның батыс өңірлерінде бата жасалып, қонаққа тартылады. Аяқ ауырса, шортанның сорпасын ішеді. Б.-тың сорпасы сүйекті күшейтеді. Балықшылар жылымға көп уақыт Б. түспей қойса, жылымның абағына (ұшына) әйелдің дамбалын байлап, Б.-тың ауға мол түсуін ырымдайды. Осы ырымға байланысты Б. түсіп тұрған біреудің жылымының аузындағы қоржынның (шонтайдың) тасын ұрлап әкеліп байлайды екен.                                                                                                                                                                                                                                                                Қыстыгүні су бетіне мұз қатқанда Б. қармаққа өте сирек ілінеді, құрылған ауға да аз түседі. Сондықтан Б.-ты мұз қатпай тұрып аулайды. Шығыс өңіріндегі көкпектінің балықшылары қыстыгүні көлге бірінші рет қыс мезгілінің басында, мұз қатпай тұрып немесе мұздың жұқа кезінде, екінші рет қыстың аяғында барады екен. Қазақ жерінің Тобыл, Ембі, Сырдария, Есіл, Ертіс, Іле, Шу өзендерінде, Арал, Каспий теңізінде Б. аулау кәсіпшілігі бұрыннан жақсы дамыған. Ташкент темір жолы салынбаған кезде Арал теңізінің солтүстік жағалауы иесіз иен дала болған. Б. көп болса да, балықшы кәсіпкерлер болған жоқ. Соңғы жылдары бұл өңірдегі жағдай мүлдем өзгерді. «Арал теңізі» станциясы Б. аулаудың орталығына айналды.                          1902 жылы мәлімет бойынша Маңғыстау түбегінде Б. аулаудың бес ауданы болды. Балықшы қазақтардың он тұрағы болған. Онда екі жүз қазақ балықшы (орыстар 900) болған және олар аумен, өздері қолдан жасаған қармақ, шанышқы түрлерімен Б. аулаған. Ақпан, наурыз және көктем айларында Б. көп ауланса, жаз мезгілінен қазан айына дейінгі аралықта саябырсыған. Өткен ғасырларда итбалық майының тауарлық сипатының артуына байланысты қазақ даласында Б. аулау кәсіпшілігі кеңінен өріс алып, итбалық аулау да жолға қойылғандығы тарихи құжаттарда айтылады.