lat: BARYMTA
байырғы уақытта дауласушы жақтың бірі би шешіміне наразы болған жағдайда немесе кінәлі жақ би шешімін орындамаған кезде күшпен кепілдікке айдап алынатын жылқы. Дәстүрлi қазақ қоғамында барымта орынды саналатын, өйткенi қазақта жер дауы, жесiр дауы сияқты негiзгi мәселелерден туындайтын кикiлжiңнiң аяғы дау-дамайға айналып, соңы барымтамен тынатын да, екi жақ билер билігіне жүгiну арқылы шешетiн. Шешімге риза болғанда барымта жасағандар еш құн төлемей, қарсы жақтың малы өзіне қайтарылатын. Бірақ үшінші рет барымтаға шығар болса, кейін құн төленеді т.б. жаза қолданылады. Барымтада алынатын негізгі мал жылқы айдап әкету. Бір-екі жылқы әкетілсе ол барымта емес, 8-10 жылқыдан көп, яки үйірімен әкетсе ғана барымтаға жатады. Малынан айырылған ел қайтадан өз малын немесе соған шамалас малды күшпен қайтарып алса, қарымта аталады. «Барымтаға қарымта бар» деген мәтелдің мазмұны осыны аңғартады. Екі жақтың дауы бітер кезде барымта мен қарымтаның малы есепке алынады да, есепке алынбағаны сырымта болып сіңіп қала береді. «Білсе барымта, білмесе сырымта» деген тұрақты сөз орамы осы салтқа байланысты қалыптасқан. Барымтада мүгедек болып қалатын, кісі өлімі болатын қақтығыстарға дейін ұласқан жайттар ұшырасқан. Барымтаны көбінесе алдын ала жария етіп, ескертіп те жасайтын. Барымта уақыты – жаз мезгілі. Барымташылықпен ауылдың қарулы жігіттері айналысқан. Барымташы: «жаудан бос қайтқанша жаралы қайт» деп тарамыс жеп, жорыққа дайындалып аттанған. Тарамыс қазақтардың дәстүрлі наным-сенімі бойынша барымташыға күш береді, жолда қауіп-қатерден сақтайды-мыс. барымташылар құрамы әлеуметтік жағдайы төмен орташа кедейлер еді. Кәнігі барымташылардың ұлдары да өсе келе барымташылыққа үйренді, бір жағынан ерлік көрсетіп, ептілік танытудың бір сәті тәрізді көрінген. Көшпелілердің еркін өмірі, өзара талас-тартыстары, кек алу, кешірім беру, бұл істерге билердің араласуы сияқты мәселелер осы барымташылық кезінде көрініп отырды. Жылқы барымталау мен жылқы ұрлау екеуі екі бөлек жағдай. Н.Гродековтың түсіндіруі бойынша, біріншіден, барымта алдын ала ескертіліп ашық түрде жасалады; екіншіден, түнде емес, күндіз жасалады; үшіншіден, барымта жасауға негіз керек, мысалы, оның жесірін, қалыңдығын алып қашқан, айыбын төлемеген, ұрлық жасағанда т.б. Сондай-ақ барымта біреу айыпкер болып, би кесіп берген айыпты төлеуден бас тартқан жағдайда да жасалады. Барымта тек жылқының иесіне, кей жағдайда оның рулас туысына, сол әулеттің ақсалына, яғни қарсыласына жасалған шабуыл болып саналады. Н.Гродеков: «Қазақ хандығы тұсында барымта соғыспен тең болды. Қазір де одан кем емес, жау шаптыға теңейді. Барымта қатыгездікке де ұласқан. Барымталаған ауылдың адамдарының аяғына арқан салған, ағашқа байлаған», – дейді. Белгілі «Айман-Шолпан» оқиғасында Көтібар батыр Маман байдың ауылын барымталағанда, қыздары Айман мен Шолпанды алып кеткен. Барымталасқан екі ауыл мәселесіне билер араласып, бір-біріне барымталасқан малдарын қайтартатын болған. Барымталап әкелген малдан барымташыларға аз ғана үлес тиген. Айталық 200 жылқыдан тек 20-30-ға жуығы ғана барымташыларға қалдырылып, қалғаны сұлтандар мен билерге тиесілі болған. Қазақы ортада барымташылық туралы: «Ол ұрлаған жоқ барымталап алды» деген қағида қалыптасып, барымташылықпен айналысуға өздерінің «заңды» құқықтары бардай сезінген. Барымта қазақы ортада руаралық қатынастар жүйесін реттейтін функция да атқарды. Оның зорлық-зомбылықтың құралына және оспадар түріне айналуы орыс отаршылығының күшейген кезеңінде болды. Себебі жері тарылған, ежелгі басқару жүйесі мүлдем өзгерген қазақ рулары орыс шенеуніктерінің айдап салуымен барымташылдықты бір-бірінен жер тартып алу, мал айдап алып кету, сан алуан зорлық-зомбылық көрсету сияқты жағымсыз мақсаттарға қолданды.